Білім

21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні

21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні. Осыған орай бүгін қаладағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған білім ошағының ұстаздары мен оқушылары белсене ат салысты.

Орыс, неміс, поляк, татар, украин, беларус. №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде 22 ұлттың өкілдері оқиды. Оқушылардың ортасында бүгінгі шарадан-ақ сезіліп тұрған сыйластық мықтап орнаған. Мектеп қабырғасынан бастап сіңірілген өзгені құрметтеу түсінігін олар өмір бойы қаперде ұстап жүретіндері айтпаса да түсінікті.

Мына көрмеден ұлтаралық татулықты да, ұлттық ерекшелікті де байқауға болады.
Балалардың ана тілдеріндегі кітаптар, тарихи Отандарының нышандары – бәрі осында жайғастырылған.
Анжела Маргарянның ұлты – армян. 11-ші сыныптың оқушысы Қазақстанға отбасымен бірге 2 жыл бұрын көшіп келген. Өз тілін біледі, өзге тілден де кенде емес. Қазақша мен орысша сайрайтын бұрымды ағылшын мен француз тілдеріне де құштар.

Анжела Маргарян: №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

– Мектепте өзге этностарды бөліп-жармай, барлығына ана тілі мен дәстүрін біліп өсуге тең мүмкіндік жасалып отыр. Біздің бөлімде қазір 25 ұл-қыз бар. Барлығымыз Атажұртымыздың тарихымен терең танысып, өз білімімізді арттырудамыз.

Ал Тамара Сайдулаева музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектепте оқиды. Шешен ұлтының қызы төл дәстүрлерін ұмытпау үшін осы білім ұясына жиі келіп тұрады.

Тамара Сайдулаева: Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы:

– Көрмеге біз мына әдеби кітаптарды арнайы әкелдік. Олар орыс тілінде жазылған. Мұнда ұлтымыздың тарихы жайлы маңызды мағлұматтар бар. Ал мынау – біздің ұлттық кимдеріміз бен Грозный қаласындағы әсем мешіттің бейнесі.

Көрме мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Актолкын Солтанханкызы