Қоғам

Тілдерді дамыту бағытындағы ынтымақтастық меморандумы

Бүгін Петропавлда “Ұрпақ тілі – келешек кілті” атты кездесу өтті. Түрлі этнос өкілдері қатысқан жиында тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Алдағы уақытта бұл құжат аясында өңірде тілдерді дамыту бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Карина Мелихованың ұлты – беларус. Бойжеткен қарапайым қазақ ауылында дүниеге келіпті. Сондықтан ана тілімізді, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді жақсы біледі. Оның үстіне отандық сазгерлер жазған әндерді де тамылжыта шырқайды.

Карина Мелихова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Менің әкем беларус болса да, анам – қазақ. Біздің отбасымызда барлығы да қазақша сөйлейді. Кейбір адамдар таң қалады. Неткен өзгеше отбасы деп. Бірақ, біздің барлығымыздың жанымызға қазақ тілі жақын.

Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының арасында да қазақ тілін жетік білетін өзге ұлт өкілдері бар. Солардың бірі – облыстық полиция департаментінің инспекторы Денис Матевич. Денистің де ұлты – беларус. Ол мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың парызы деп санайды.

Денис Матевич, СҚО ПД инспекторы:

– Қазақстанның әрбір азамат өзінің ана тілімен қатар, мемлекеттік тілді де білуі тиіс деп ойлаймын. Беларус болсам да, қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойымды жеткізе аламын.

“Ұрпақ тілі – келешек кілті” деп аталатын кездесу барысында ана тілімізді жетік меңгерген жастар өз ойларымен бөлісіп қана қойған жоқ. Жиында тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Әсел Сүлейменова, СҚО бойынша тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл меморандум қазіргі таңда ресми бекітілді. Қазіргі таңда біз ҚХА-ның облыстық хатшылығымен тығыз байланыстамыз.

Алдағы уақытта бұл меморандум аясында тілдерді дамыту бағытында түрлі іс-шаралар қолға алынбақ. Олардың қатарында жыл сайын өткізілетін Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі де бар.