Мәдениет

СҚО-да мерейтойларды мерекелеу бастау алды

2020-шы жыл мәдени шараларға бай болайын деп тұр. Өйткені, биыл Қазақстан мерейтойлардың бірқатарын атап өтпекші. Ел үшін елеулі даталарды ұлықтау Солтүстік Қазақстан облысында ресми түрде бастау алды. Осының құрметіне Петропавлда ауқымды концерт ұйымдастырылды. 

– Аталған шаралардың қоғамда құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөлге ие болатынына сенімдімін.

– Біз кешегі алыптардың иығында тұрып, келешекке қарап тұрған елміз.

Жалынды сөздер мінберден көп айтылды. Шынымен де, 2020 – Қазақстан үшін ерекше, мерейтойларға бай жыл.

– Биыл шығыстың ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, ал Алтын Орданың құрылғанына – 750 жыл. Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы осыдан 175, ал жазушы Сәбит Мұқанов 120 жыл бұрын өмірге келген. Мамырда Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелейміз. Ал Ата заңымыздың қабылданып, Ассамблеямыздың құрылғанына биыл ширек ғасыр толып отыр.

Қызыл түйме жанды – ел үшін елеулі даталарды солтүстік өңірде тойлау басталды. Айтулы жылдың алғашқы іс-шарасы – “Ұлы даланың ұлы тұлғалары” атты концерт.

Концертті бір ғана сөзбен сипаттауға болады – “Фьюжн”, қазақшалағанда “қоспа”. Симфониялық оркестр сүйемелдеуімен сахнада ұлттық әндер опера жанрында орындалып жатыр. Үйлесім тамаша, бірақ залдағы атмосфераны камераның толықтай жеткізе алмайтыны, әрине, өкінішті.

Мұндай іс-шаралардың жыл бойы жалғасатыны айтпаса да түсінікті шығар. Бір ғана С.Мұқанов атындағы театрымыз биылға 7 бірдей премьера дайындап жатыр екен. Әл-Фараби трактаттарының желісі бойынша спектакль қоймақшы, Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Анна Франк күнделіктерінен де қойылым сахналанбақ. Алайда, басты тұсаукесер жаздың соңы, күздің басына жоспарланған.

Фархад Молдағали – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Абайдың 175 жылдығы мен театрдың жаңа ғимаратының ашылуын біріктіріп, жаңа театрдың бірінші премьерасы ретінде М.Әуезовтың “Абай жолы” романының желісі бойынша спектакльдің тұсаун кеспекшіміз.

Музейлеріміз де қарап қалмақ емес. “Абылайхан резиденциясы” мейтойларға толы жылды мәнді-мазмұнды өткермекші.

Аян Садаев – «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің директоры:

– Өткен аптада Көкшетау қаласына Алтын Орданың 750 жылдығына арналған жылжымалы көрме апардық. Абайдың 175 жылдығына орай Семей қаласындағы “Абай” музейі резиденцияға көрме әкелуді жоспарлап отыр.

Көрмелер, семинарлар, конференциялар, концерттер мен форумдар – бір ғана біздің облыста өтетін ірілі-ұсақты шаралардың саны 300-ден асып жығылады.

Құралбек Атмұратов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Алдында облыс бойынша ірі шаралардың саны 140-тан асатын, оны 80-ге дейін қысқарттық. Аудандарда өтетін іс-шаралардың санын 400-ден 250-ге дейін қысқарттық. Шалышлмай, үнемдеп, маңызы ең зор шараларға бағыт алып отырмыз.

Шашылмау, бюджетке салмақ түсірмеу – Президент пәрмені. Иә, миллиондар құйылып, сәні мен мадағы жарасқан салтанаттардан пайда некен-саяқ. Сондықтан, мейрамдарды біркүндік той тойлау үшін емес, бұқара ұзақ жылдарға рухани азық алатындай етіп өткеру шарт.

Саят Ермек