Денсаулық сақтау

Петропавлда отбасы мүшелері коронавирус жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды

Тай елінен оралған отбасы жергілікті дәрігерлерді аяғынан тік тұрғызды. Петропавлдық ерлі-зайыпты 2 баласымен бірге 2 апталық демалысын шетелде өткізіп қайтқан. Тынығу үшін Қытайға жақын орналасқан және қазіргі уақытта коронавирусқа 35 адам шалдыққан Тайландты таңдаған. Ақпанның 11-і елге оралысымен 5 күннен соң өздерінің температуралары көтеріледі.

Әлсіздік дендеп, жөтел қысып, дене қызуы түспеген соң жедел жәрдемді шақырады. Арнайы жабдықталып келген мамандар отбасы мүшелерін 2 көлікпен аурухана жеткізген. Тиісті сараптамалар жүргізіліпті. Әйтеуір, әлемді дүрліктіріп жатқан қауіпті кеселдің белгілері  анықталған жоқ. Отбасы мүшелері  тұмауды жұқтырып алған екен.

Олег Завьялов – облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Вирусологиялық зертхана мамандары отбасы мүшелерінен тиісті анализдерді алды. Нәтижесінде олардың тұмаудың А түрімен сырқаттанып қалғаны белгілі облды. Қазір әкелері – 1-ші қалалық, ал балалары мен анасы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жатыр. Толық емделген соң үйлеріне жібереміз.

Маржан Касымбек