Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Agro Lab” серіктестігі мен СҚМУ арасында меморандумға қол қойылды

Университет студенттері үшін білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдауға тағы бір мүмкіндік туды. Бүгін “Agro Lab” серіктестігі мен СҚМУ-нің агротехнологиялық факультетінің арасында кафедра бөлімшесі ашылды. Мұнда қос тараптың өкілдері топырақтың құрамын талдап, сапасын анықтайды. Естеріңізге сала кетейік, агрохимиялық зертхана өңірімзде өткен күзде ашылған болатын.

Қазір жергілікті агрохимиялық зертханада 15 адам қызмет етіп жатыр. Білікті мамандар солтүстік өңірдің егістік алқаптарындағы топыраққа талдау жасап, сапасын анықтайды. Топырақты зерттей келе оның құрамында маңызды элементтердің жоқтығы анықталса, аграрийлерге ол жерге тыңайтқыш себу қажеттігі туралы айтылады.

Дмитрий Усов – «Agro Lab» ЖШС директорының орынбасары:

– Біз 200 мың гектар алқаптан топырақ сынамаларын алдық. Бұл – Есіл, Ғ.Мүсірепов, Тайынша және М.Жұмабаев ауданының жерлері. Қазір алынған үлгілердің құрамын зерттеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Сондай-ақ, мұнда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің 4 түлегі еңбек етеді. Айгерім Хасенова 2016 жылы университетті агрономия мамандығы бойынша тәмамдаған екен. Кейін тағы 2 жыл магистратурада білімін шыңдаған. Агрохимияның қыр-сырын толық меңгерген нәзікжанды жақында осы зерттеу нысанына жұмысқа орналасыпты.

Айгерім Хасенова – «Agro Lab» ЖШС зерханашысы:

– Мен сынама үлгілерін алып, оларды сүзгіден өткіземін. Кейін сараптамаға жіберіледі. Өзім осында 1 ай бұрын орналастым. Жақсы жер, барлығы жоғары технологиямен жабдықталған.

Бүгін жергілікті білім ордасының студенттері де серіктестіктің жұмысымен танысуға келген екен. Болашақ мамандар агротехнологиялық факультетте оқып жүр.

Жантөре Оңғар – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Мен өзім Түркістан облысынан келіп оқып жатырмын. Қазір агрономия мамандығында оқып жатырмын. Бұл жерде мүмкіншілік өте көп. Қажетті технологияның бәрі бар. Алдағы уақытта осында келіп тәжірибеден өткім келеді.

Енді студенттер бұдан былай заманауи зерттеу нысанына жиі келетін болады. Олар осындағы білікті мамандармен бірге тәжирибе жүзінде білімдерін одан бетер шыңдап, біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алып отыр. Өйткені, бүгін СҚМУ-нің агротехнологиялық факультеті мен «Agro Lab» серіктестігінің арасында кафедра бөлімшесі ашылып, әріптестік жайындағы меморандумға қол қойылды.

Бердимурат Баймухан