Ауыл шаруашылығы

Тұқымдарды тексеру барысы

135 млн теңге. Егістік науқанына арналған тұқымдарды тексеру үшін бюджеттен дәл осынша қаржы бөлінуде. Қаражат өңірдегі 5700-ден аса аграрийдің  астығының сапасын анықтауға бағытталмақ. Көктемде жерге сіңірілетін дәндердің шығымдылығы мен ылғалдылығынан бөлек, аурулар мен зиянкестердің, карантиндік және улы арамшөп тұқымдарының бар-жоқтығын білу маңызды.

Көктемгі егістік науқанына әзірлік күзгі орақ біте салысымен бастау алады. Аграрийлер техникаларын сайлап, алқаптарға сіңіретін дақылдарын қамдайды. Жиналған астықтың кез келгенін тұқым ретінде пайдалануға келмейді. Себебі, бірінің шығымдылығы төмен, ал екіншісінің ылғалдылығы жоғары болуы мүмкін. Алтын дәннің сапасын анықтап алмай жерге сіңірген диқандардың сан соғып қалулары ғажап емес. Сондықтан, күзде – бір, көктемде екі мәрте агроқұрылымдар зертханалардың көмегіне жүгінеді.

Анна Троцко – «ЗерноАгроЭксперт» ЖШС тұқым сарапшысы, Аққайың ауданы:

– Орақ науқаны біткеннен кейін, аграрийлер бірнеше алқаптан жиналған астықты алдын ала сараптамаға әкеледі. Бұл – егістікке тұқым дайындауға арналған шара. Біз әрбіреуінен 1 келісін алып, тексерістен өткіземіз. Оның шығымдылығын анықтаймыз. Осылайша, қайсысын тұқымға қалдырып, қайсысын сатылымға шығару қажеттігін айтамыз.

Мыңдаған гектар алқапқа сіңірілетін тұқым таңдалды. Алайда, мұнымен шаруа аяқталмайды. Аграрийлер астықты қоқыстан тазалап, зертханаға тағы бір мәрте бас сұғады. Сарапшылар енді шығымдылығынан бөлек, алтын дәнде аурулар мен зиянкестердің, карантиндік және улы арамшөп тұқымдарының бар-жоқтығын және ылғалдылығын анықтайды. Соңғысын тексеру үшін алдымен дақылдың салмағы өлшенеді. Кейін ол арнайы кептіргіш құрылғыға орналастырылады.

– Температура 105 градусов, теперь будем высушивать рапс в течении 300 минут.

5 сағаттан кейін рапс толық кеуіп, оның салмағы қайта өлшенеді. Егер ол тым азайып кетсе, ылғалдылығы жоғары екенін білдіреді. Әрбір фактор бойынша тексерістің нәтижесі 10 күннен кейін дайын болады. Толық зерттеу аяқталысымен диқанның қолына сәйкес құжат табысталады. Оның мерзімі 4 айға ғана жарамды екен.

Азамат Тілеубергенов – «ЗерноАгроЭксперт» ЖШС директоры, Айққайың ауданы:

– Егістік науқанына дейін астықты 3 рет тексерістен өткізу қажет. Осылайша тұқымдардың жағдайын үнемі бақылауда ұстаймыз. Жыл сайын агроқұрылымдардың оны жаңартып отыруға мүмкіндіктері жоқ. Мәселен, «элита» мен «супер элитаның» бағасы қалта көтермейді. Оны диқандар 2-3 жылда бір рет қана алады. Орақ науқанында жақсы өнімге қол жеткізу үшін астықтың ішінен шығымдылығы жоғары деген алтын дәндерді тұқымға дайындау керек.

Тұқымның сапасын зерттеу жұмысына кемінде 11 мың теңге қажет екен. Алайда, өңірдегі 5700-ден аса аграрий тексеріске шығындалмайды. Бұл шаруаға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 135 млн теңге көлемінде қаржы бағыттаған.

Наргиз Ақжігітова – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Тұқым және көшет материалының сорттық және егістік сапасын анықтау мемлекеттік қызметін ұсынатын аудандық зертханаларға сараптама жасау үшін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 409 мың тонна тұқымы тапсырылды. Оның ішінде 296 мың тонна тұқым тексерілді.

Ал майлы дақылдардың сараптамасына 21 мың тонна тұқым тапсырылыпты. Бұл зерттеуден өтуі тиіс астықтың 82 пайызын құрайды.

Эльмира Садвокасова