ТЖ

СҚО-да қар құрсауынан 250-ге жуық адам құтқарылды

Терезеден қарасаң көршінің үйі көрінбейді. Ауыл тұрғындары кешегі боранға қатысты осындай сипаттама берді. Ақтүтек боранның салдарынан жолға шыққан тұрғындардан бөлек, құтқарушылар да біраз әбігерге түсті. Олар таңға дейін кірпік қақпай қызмет атқарыпты. Нәтижесінде қар құрсауында қалып қойған 250-ге жуық адамды аман-есен алып шыққан.

Жүкті әйел мен оның 2 баласы мінген жедел жәрдем көлігі қаладан алыстағы Бестөбе ауылына бара жатқанда жолда тұрып қалған. Келіншек дереу көмекке келіп, қар құрсауынан алып шыққан құтқарушыларға алғысын жеткізуде.

Кешегі ақтүтек боранда ТЖД-нің мамандары «Рахмет» деген сөзді күндегіден жиі естіген болар. Статистикаға көз жүгіртсек, құтқару шаралары, әсіресе, түнгі уақытқа келіпті. Ал Ғабит Мүсірепов ауданының мамандары таңғы 4-ке дейін көз ілмеген көрінеді. Дегенмен, жұмыс нағыз қызған уақыт – түнгі 10-12 кезі. Жер-жерде жолға шыққан адамдар қар құрсауында қалып қойған. Бастысы, оларды құтқаруға шама жетті, адам шығыны болған жоқ.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Осы түні біз өңір тұрғындарынан бөлек, бір Қытай азаматын құтқардық. Елордада жұмыс істейтін шетелдік өз көлігімен “Благовещенка-Қайранкөл” тас жолы бойында тұрып қалған. Біз ол жерге дереу жетіп, мейманды жылыту қосынына жеткіздік.

Боз боранға байланысты кеше облыс аумағында дауылды ескерту жарияланған болатын. Тұрғындардың телефондарына тиісті ақпарат жөнелтіліп, жолдар жабылды. Барлығы – 47 бағыт. Оның 10-ы – республикалық трасса. Бұл қауіпсіздік шаралары жайдан-жай қабылданбайды. Құтқарушылардың ескертуіне құлақ асқандар да бар, мән бермегендер де кездескен.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Бір күннің ішінде төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қар құрсауынан 126 көлік пен 250-ге жуық адамды құтқарды. Олардың 19-ы – балалар. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Барлық құтқару шараларына 21 адам мен 16 бірлік техника жұмылдырылды.

Қар жауды, боран соқты, енді күн жылынайын деген сияқты. Жібіген қар көк мұзға айналады. Құтқарушылардың тағы бір ескертпесі бар: тұрғындар көктайғақта тиісті қауіпсіздік шараларын қаперде ұстаса екен дейді.