МТРА жаңалықтары

Оқушылар сарайында өсірілген балықтар мейрамханаға жіберілді

Оқушылар сарайында өткен жылдан бері тилЯпия балығы өсірілуде. Мамандар мен іздемпаз жеткіншектер зерттеу барысында аталған су жануары адам ағзасына өте пайдалы екендігін анықтаған. Сондай-ақ, еті түрлі қауіпті аурулардың алдын алуға септеседі екен. Осылайша, қаладағы мейрамханалардың бірімен екі арада келісім жасалған болатын.

Бұл – мысырлық ніл тиляпиясы. Балықтың дәл осы түрі Оқушылар сарайының гидропоника кабинетінде өсіріледі. Мұнда тіршілік иелеріне арналып барлық жағдай жасалған. Су жануарлары мынадай 4 бассейннің ішіне орналастырылыпты. Ондағы судың температурасы +22-24 градусты құрайды.

Лариса Воробьёва, Оқушылар сарайы ғылыми-биология бөлімінің меңгерушісі:

– Бассейндердің ішінде шамамен 600-ге жуық балық бар. Оларға арнап түрлі өсімдіктерді де өсіреміз. Жалпы, біз балық өсіруді осыдан 1 жыл бұрын қолға алдық.

Балықтар қалай қоректендіріледі? Осыған тоқталайық. Мектеп оқушылары мен бөлім қызметкерлері су жануарларына күніне 3 рет азық береді. Тиляпия қорек талғамайды. Ұнды да, етті де, көкөністі де жей береді екен. Ал мынадай түйіршіктелген арнайы жемнің құрамында аталғандардың барлығы бар.

Лариса Воробьёва, Оқушылар сарайы ғылыми-биология бөлімінің меңгерушісі:

– Тиляпия басқа балықтарға қарағанда тамақты көп жейді. Соның арқасында күніне кем дегенде 3-тен 5 грамға дейін салмақ қосады. Ал бір жылда 750 грамға дейін жетеді.

Мұнда күнделікті оқушылар келіп, зерттеу жүргізеді. Жеткіншектер тиляпияның адам ағзасына қаншалықты пайдалы екендігін анықтайды. Ұл-қыздардың айтуынша, балықты балаларға да жеуге болады. Өйткені, сүйектері аз әрі дәрумендері мол.

Артем Кузнецов – М.Айтхожин атындағы №1 орта мектебінің оқушысы:

– Бұл балықтың еті ақуыз, амин қышқылдары мен көптеген минералды заттарға бай. Тиляпияны адамдар кем дегенде аптасына 2 рет жеп отырса, есте сақтау қабілеті дамиды. Сондай-ақ, түрлі қауіпті аурулардың алдын алады.

Өткен жылы Оқушылар сарайы мен қаладағы мейрамханалардың бірінің арасында келісім жасалған болатын. Шарт бойынша енді гидропоника кабинетінде өсірілетін балықтар қоғамдық тамақтану орнына жеткізіледі. Жуырда ғана су жануарларының 100-ге жуық данасы мейрамханаға жіберіліпті. Алдағы уақытта тағы 100-ін ұсыну жоспарланып отыр.

Маржан Қасымбек