Мәдениет

Ұлы даланың ұлы тұлғалары

Ұлы даланың ұлы тұлғалары. Бүгін осындай атаумен үстіміздегі жылдағы 4 бірдей мерейлі датаға орай облыстық кітапханада сұхбаттық алаң өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген жазушылар, ғалымдар мен ғылыми-зертеу жұмыстарын жүргізен жандар қатыстып, ой бөлісті.

Еліміз үшін биылғы жыл мерейлі даталарға толы: Алтын Орданың – 750 жылдығы, Абайдың – 175 және Сәбит Мұқановтың 120 жылдық мерейтойлары аталып өтілуде. Оған қоса әлемге әйгілі екінші ұстаз – әл-Фарабидің 1150 жылдығы бар. Өшпес мұра қалдырған жанның жоғалған еңбегі қаншама. Бұл жөнінде Алматыдан келген Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет тоқталып өтті. Қаламгер әл-Фарабиді терең зерттеп, жуырда шетелде жаңа еңбектері табылғанын анықтапты. Жиында құнды дүниелердің биылдан қалмай қазақ және орыс тілдеріне аударылатыны мәлім болды.

Ұлықбек Есдәулет – ақын, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:

– Жақында 1150 жылдық қарсаңында біздің ғалымдармен бірге біраз мемлекеттің архивіне үңіліп, тағы да 3 еңбегін таптық. Қазір оны өз тілімізге аудармаған күйде елімізге алып келгенін хабарлап жатыр.

Мерейлі даталардың бірі – Алтын Орданың 750 жылдығы. 13-ғасырдың ортасында Жошының ұрпағы Бату билеген мемлекет бүкіл ұлыс-тайпаларды жинақтап, оларға негіз бола білді. Бірақ, хан тағына, билікке деген талас ұлы мемлекеттің қирауына әкелді. Дегенмен, Алтын Орда Қазақ хандығының құрылуына себепкер болды. Ол саяси, әлеуметтік және экономикалық жағынан да кейінгі елдердің қалыптасуына ықпал етті. Көптеген хандықтардың басқару жүйесі осы Алтын Ордадан бастау алған дейді тарихшылар.

Ақмарал Ибраева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылым және инновациялар бойынша проректоры:

– Заңнамалық негіз, құқықтық негізді алып қарайтын болсақ, бұл йасы Шыңғысханнан басталған. Ол – мына дала принциптеріне, әдеп-ғұрыптарына негізделген заңдар жинағы. Сондай-ақ, «Қасымханның қасқа жолы», « Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты үлкен заңдардың қалыптасуына да септігін тигізген.

Айта кеткен жөн, былтыр Уәлиханов ауданына қарасты Береке ауылының жанындағы Қызыл оба жерінен Алтын Орда дәуіріне қатысты алғашқы тарихи ескерткіш табылған еді. 13-14 ғасырдан сақталып қалған мазарды павлодарлық және жергілікті ғалымдар анықтаған. Зерттеушілер бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыра бермек.

Ақтолқын Солтанханқызы