Мәдениет

«Абай жаққан бір сәуле» ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары

Петропавлдық жеткіншектер «Абай жаққан бір сәуле» атты 1-ші республикалық жас ақындар мүшәйрасында топ жарды. Дүбірлі дода ақпанның 14-і мен 16-сы күндері аралығында Алматы қаласында өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 200-ден аса талантты ұл-қыз әр түрлі номинация бойынша бақтарын сынады.

Диас Аяған 11-ші сыныпта оқиды. Өлең жазуды 13 жасынан бастаған екен. Қоршаған ортада көрген-білгенін қағаз бетіне түсіруді жаны сүйеді.

Диас Аяған – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

–  Қазіргі күні 30-ға жуық өлеңім бар. Туындыларым көбінесе табиғат, көңіл-күй, махаббат, сезімге байланысты тақырыптарды қамтиды.

Жақында Алматы қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай республикалық байқау ұйымдастырылған болатын. «Абай жаққан бір сәуле» деп аталатын жас ақындар мүшәйрасында Диас ерекше көзге түсті. Ол ұлы ақынымызға арнап өз туындысын әзірлеген екен. Талантты жеткіншек сол өлеңімен қарсыластарынан оқ бойы озып, 1-ші орынды ұтып алды.

Диас Аяған – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Абайға өлең жазу үшін алдымен оның шығармаларын, қара сөздерін, және Абай жайлы жазылған шығармаларын оқыдым. Мен оның даналығы, ақындығы сияқты ерекше қасиеттерін жаздым.

Мүшәйрадан олжамен оралған тағы бір қызымыз – Еркежан Төлекеева. Бұрымды Абай атамыздың қара сөздеріндегі афоризмдерді талдау олимпиадасында 3-ші орынды иеленіпті.

Еркежан Төлекеева – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Маған Абайдың 21-ші қара сөзі түсті. Онда үлкендік жайлы айтылады. Қай кезде адам есейеді және есейген кезде мінезі қандай болатыны жайлы айтылады. Мен соны талдап бердім.

Бұл оқушылардың барлығы – Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің шәкірттері. Білім ұясында тәлім алып жүрген ұл-қыздар бұған дейін де түрлі облыстық және республикалық додаларда топ жарып, жүлделі орындардан көрінген.

Жарқын Жұпархан – Е.Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жетекшісі:

– Бізде жазба ақындық бойынша 15-тей бала, айтыскерлік бағыты бала бойынша 5 бала бар. Және шәкірттер одан бөлек мәнерлеп оқу, шешендік, актерлік бағыттар бойынша тәлім алады.

2 жыл бұрын ашылған өнер ошағында қазір 50-ге жуық студент пен оқушы тәлім алып келеді.

Бердимурат Баймухан