МТРА жаңалықтары

Темір тордың ар жағындағы өмір

Ақшаны қалтаға баспай тұрып ойлан – салдары неге әкеліп соқтырады?! Петропавлда жемқорлықтың алдын алу мақсатында  түрменің күн тәртібімен таныстыру шарасы өтті. Қызылжар ауданының мемлекеттік қызметшілері ЕС -164/6 түзету мекемесінде болды.

Түзету мекемесіне кіреберісте мемлекеттік қызметшілерді 2 бірдей неміс овчаркасы арсылдап қарсы алды. Мұндай көріністі мамандар күнде көре бермейтіні анық. Барлығы аң-таң. Кейін олар темір тордың ішіне кіріп, камераларды аралап, жазасын өтеушілердің күн тәртібімен танысты. Мұндағы қабырғалар аппақ түске боялған. Оған түрлі түсті көбелектер жапсырылыпты. Бұл сотталғандар үшін аңсаған еркіндіктің белгісі көрінеді.

Кезек түзету мекемесінің асханасына да келіп жетті. Біз барған кезде сотталғандар түскі астарын ішіп жатты. Аспаз мемлекттік қызметшілерге астан дәм татуды ұсынды. Бірақ, үстел басына ешкім жақындағысы келмеді. Тек біреуі ғана шығып мұндағы тағамнан дәм татып көрді.

Асханада аспазға тамақ дайындауға Әлия Дәуренбекова көмектеседі. Нәзікжанды бұған дейін Қостанайдағы құрылыс компанияларының бірінде есепші болып жұмыс істеген.

Әлия Дәуренбекова – “ЕС 164/6” түзету мекемесінде жазасын өтеуші:

– Қызметімді пайдаланып 43 млн теңгені қалтама бастым. Енді, міне, 5 жылға бас бостандығымнан айырылып, екі баламнан жырақта жазамды өтеудемін. Өзімнің қателігімді мойындаймын. Қандай қылмыс жасасаң да барар жерің – темір тордың ар жағы. Сол себепті, әр қадамды ойлап басу керек. Менің ойымша, бостандықта жүргендер біздің мұндағы өмірімізді көріп, бір ой түйер.

Түзету мекемесіндегі күн тәртібі таныстырылған соң барлығы акт залына жиналды. Мұнда мемлекеттік қызметшілерге арналып жемқорлықтың салдары туралы шағын дәріс оқылды. Кейін сотталғандардың бірі басынан кешкен оқиғасымен бөлісті. Тыңдалған әңгіме, әрине жүрекке тиді. Біреуі басын түсірді, біреуінің көзіне жас үйірілді. Бірақ, мамандардың арасында Қызылжар ауданының өкілі Айбек Тұрағелдиевтен өзгесі сұхбат бергісі келмеді.

Айбек Тұрағелдиев – Куйбышев ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы, Қызылжар ауданы:

– Бүгін осы мекеменің өмірімен таныстық. Шынымды айтсам, алған әсерімді бір сөзбен жекізу қиын. Осындай жерлерге түспес үшін, заңды бұзбай өмір сүру керек.

Жалпы, “ЕС -164/6” түзету мекемесінде қылмысқа барған нәзікжандылар жазасын өтейді. Мұнда қазіргі таңда 200-ден астам қыз-келіншек отыр. Олардың 20 пайызының жемқорлыққа қатысы болған.

 

 

 

Ешкенова Дана