Қоғам

“Солтүстік Қазақстан” облыстық қоғамдық-саяси газетіне – 100 жыл

“Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” және “Солтүстік Қазақстан”. Биыл қара шаңырақ “Солтүстік Қазақстан” облыстық қоғамдық-саяси газетінің жарыққа шыққанына – 100 жыл. Осыған орай М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында 10-нан аса адам сөз алып, мерзімді басылымның тарихына, ел өмірінде алатын орнына тоқталды.

1920 жылдың 22-ші ақпаны. Бұл күні Омбы қаласында қазіргі “Солтүстік Қазақстан”, сол кездегі “Кедей сөзі” газетінің алғашқы саны жарық көрді. Көп ұзамай мерзімді баспасөз Петропавлға ауыстырылды. Мұнда басылымның атауы “Бостандық туы”-на өзгертіліп, шығарыла бастады. Осы орайда мынандай мәселеге тоқталайық. Өткен жылы ел өмірінде, әсіресе журналистика саласында елеулі оқиға орын алды. Жергілікті архившілер көп ізденістің арқасында “Кедей сөзі”-нің алғашқы санын тапты. Ол сонау Ресейдің Санкт-Петербор қаласынан шықты. Бұл газеттердің тарихымен елордалық алаштанушы ғалым Қайрат Сақ жақсы таныс. Мейман білген-түйгенін халықаралық конференция барысында жіпке тізді.

Қайрат Сақ – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы:

– “Кедей сөзі” де, “Бостандық туы” да кезінде тек осы аймақтың халқына емес, күллі қазақ жұртына қызмет етті. Бұл баспасөзде Алаштың маңдайалды тұлғалары жұмыс істеді. Бұл газеттің беделін көрсетеді.

Кейін, газет “Кеңес ауылы”, одан әрі “Ленин туы” деп аталды. Ал 93-тің 1-ші желтоқсанында алғаш рет “Солтүстік Қазақстан” деген атаумен басылды. Халықаралық конференцияға Ресейден де қонақтар келіпті. Асқар Раисов – Омбыдағы “Мирас” қазақ тілі мен мәдениетін дамыту және сақтау қорының директоры. Ол бұрынғыдай Омбы өлкесіне 1 ғасырлық тарихы бар басылымның таралғанын қалайды. Өйткені, көршілес аймақта 100 мың қандасымыз бар. Азамат шекара асып баспасөз жетсе, ана тіліміздің мәртебесі арта түседі дейді.

Асқар Раисов – “Мирас” қазақ тілі мен мәдениетін дамыту және сақтау қорының директоры, Омбы қаласы, РФ:

– Омбыға газет келсе адамдар оқиды. Қазір осы газетке қазақ, орыс қоғамдары, оралмандар көңіл аударып жатыр.

Амандық Жантеміровтың өмірі “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетімен тікелей байланысты. Қазақстанның құрметті журналисі осы мерзімді баспасөзде бақандай 54 жыл еңбек етіпті. Көбінесе ауыл шаруашылығы саласында қалам тербеген екен. Себебі, ауыл баласын танап басында тер төккен, мал өсірген жандардың жұмысы туралы жазу ерекше қызықтырыпты.

Амандық Жантеміров – Қазақстанның құрметті журналисі:

– Жүре-жүре, мамандардан сұрап, ізденіп үйрендік. Ақыры бүге-шүгесіне дейін жаза алатын дәрежеге жеттік. Еңбегім заяға кеткен жоқ.

Шара барысында жиналғандарды облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан орынбасары Руслан Әлішев құттықтап, ел өміріндегі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізуші “Солтүстік Қазақстан” облыстық қоғамдық-саяси газетінің ұжымына сәттілік тіледі. Бүгінде мерзімді баспасөздің тиражы 6 мыңға жақындайды.

 

 

Култанов Байболат