Денсаулық сақтау

Облыста тұмау мен ЖРВИ сейілмей тұр

Облыста тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияға шалдығу жағдайлары сейілмей тұр. Бұны мамандар ауа райының күрт құбылуымен байланыстыруда.

Осыдан бірер күн бұрын Муниципалдық телеарнаның Инстаграмдағы парақшасында қала тұрғыны мектептерде балалардың жаппай ауырып жатқанын және оқу ошағының не себепті карантинге жабылмайтындығын сұрап шағымданған еді.

Жазба бірден ата-аналардың назарына түсіп, әлеуметтік желіні бір шулатты. Бауыр еті баласының ауырып жатқанын, сыныпта тек 2-3 баладан отырғандарын алға тартқан жандардың саны артты. Бұл мәселеге байланысты облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары өз мәлімдемелерін жасады.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Қазіргі күні тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдығу салдарынан сабақ босату жағдайлары 0,4 және 7,6 пайызды құрайды. Егер дәл осы себеппен оқудан қалатын ұл-қыздардың қатары 20 пайызға жетсе мектептегі білім беру үрдісі – уақытша, 30 пайызды құраған жағдайда мүлдем тоқтатылады.

Жалпы, облыста өткен аптаның өзінде жіті респираторлық вирустық инфекция дертіне 2 мыңға жуық адам шалдыққан. 1300-ден астамы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Ал тұмауға қатысты айтар болсақ, эпидемиялық маусым басталғалы бері 196 жағдай тіркеліпті.

Айнаш Сағандықова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

– Оның 95-і – А типті, ал 101-і – В типті. Өткен жұманың алдындағы көрсеткіштермен салыстыратын болсақ, 7 пайызға артқаны байқалады. Оны ауа райының күрт өзгеруімен байланыстырамыз.

Негізі, тұмаумен жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандардың қатары жиілесе де қалыпты нормадан асқан жоқ дейді мамандар. Сондай-ақ, ақ халаттылар аталған дерттердің алғашқы белгілерін байқаған жағдайда өздігінен емдеп уақыт жоғалтпай, бірден дәрігерге қаралу қажеттігін ескертеді.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы