МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі шенеуніктерді еріктілік қозғалысынан шет қалмауға шақырды

Бюджет ақшасының бейберекет жұмсалмауы енді қатаң бақылауда болады. Құмар Ақсақалов үнемделген қазына қаржысының халық игілігіне бағытталатынын облыстық әкімдіктің кезекті отырысында қадап айтты. Жиында аймақ басшысы қаңтар айында экономикалық көрсеткіштерді төмендетіп алған аудан атқамінерлерін де сөкті. Сөгіп қана қоймай, шенділерді волонтерлік қозғалыстан шет қалмауға шақырды.

Жыл енді басталды, сондықтан экономикада аса бір елеулі өзгеріс жоқ. Қаңтардағы өсім, әзірге, тырнақтай ғана – 0,1 пайыз. Алайда, 2020-ны сәтсіз бастап, әкімнің сынына іліккен аудандар бар. Айыртау мен Жамбыл басшылары былтырдан бері өнеркәсіпті дамыта алмай келеді. Әлі бірде-бір өндіріс ошағы жоқ мұнда. Тағы 2 аудан – ауыл шаруашылығы бойынша көш соңында.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қызылжар мен Тимирязев аудандары ет, сүт пен жұмыртқа өндірісін түсіріп алған. Яғни, бұл аудандар қаңтарды өте нашар өткерді. Келесі айда жағдай түзелуі керек.

Бұл әкімдер көшті қуып жетпесе, әңгіме қысқа. Атқамінерлерге бюджет ақшасын оңды-солды шашуды да доғару керек. Бұл енді – Президенттің тапсырмасы. Көлік пен жиһазды жаңартып, пайдасы шамалы салтанаттар мен форумдарға деген құмарлықты басқан жөн. Үнемделген қазына қаржысын одан да халық игілігіне жұмсаған дұрыс қой.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жобаларды жүзеге асыруға республика бізге ақша бөледі емес пе?! Енді бұл ақшаға біз үнемделген өз қаражатымызды қосатын боламыз. Осылайша қаржыландыруды біршама арттырамыз. Сондықтан, аудан әкімдеріне қазынадағы артық ақшаны рұқсатсыз жұмсауға тыйым саламын.

Жуырда ғана әкімдеріміздің есептік кездесулері аяқталды. Науқанның нүктесін Құмар Ақсақаловтың өзі қойды. Жұрттан түскен базына, әдеттегідей, көп. Сол базыналардың сарыны да бір.

Жылма-жыл қайталанып қойылатын сұрақтар, көтерілетін түйткілдерді жұртты шырылдатпай шешу керек. Шешу үшін не керек? Жүйе керек. Облыс әкімі қарамағындағыларға жөнделетін жолдардың, су тартылатын ауылдардың, тапсырылатын үйлердің тізімін жасап, жұмыс кестесін құруды тапсырды. Ең маңыздысы дейді әкім – бұл кесте шенділердің үстелінде жатпауы тиіс, керісінше, халыққа көрсетілуі керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жолға асфальт биыл төселе ме әлде келесі жылы ма, су қашан тартылады – осының бәрін азаматтар біліп отыруы керек. Алдағы 3 жылға бюджет бекітілді, қанша қаржы бөлінетінін білеміз, жоспарлауды да білеміз – сондықтан бәрін бір жүйге келтіріп, кесте құруымыз керек. Өйтпесе болмайды.

Күн тәртібінен түспейтін азық-түліктің бағасы да бұл жиында талқыланды. Әлеуметтік нанның құны тамызға дейін қымбаттамайды. Қала наубайханаларын әкімдік арзан ұнмен қалтқысыз қамтып жатыр. Жыл соңында алған сөгістері сабақ болды ма қалай, аудан атқамінерлері де естерін жиған сыңайлы. Маңызды деген 19 тауардың бағасын шарықтатпай, ұстап тұр қазір. Қаңтардың басында күрт қымбаттап кеткен жұмыртқаның бағасы да бүгінде төмендеп, тұрақталған. Ал тарифтер ше?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Коммуналдық қызметтердің тарифтері өспейді. Биыл арттырмай, деңгейін ұстап тұра аламыз. Мұны сеніммен айта аламын.

Волонтерлер жылы басталды, қазірдің өзінде ел бойынша акциялар мен жобалар жүзеге асып жатыр. Құмар Ақсақалов қарамағындағыларды еріктілікке бет бұруға шақырды. Оған қоса, көктем келе жатыр. Қар биыл 2017-ден әлдеқайда артық жауды, қызыл судың келіп қалуы да ғажап емес. Сондықтан, әсіресе, жалғызбасты қарияларға көмектесу керек. Билік басындағылар бір-екі сағатқа қолдарына күрек алып, қол ұшын созса, сауап болады емес пе?!

Саят Ермек