Балалар

Елордада “BIRGEMIZ” атты волонтерлердің фронт-кеңсесі ашылды

Еріктілер қолға алған жобаларға біраз қаржы бөлінеді. Ақшаны белсенділер жұмыстарына қажетті дүниелерге жұмсай алады. Ал сол жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқандығын “BIRGEMIZ” атты республикалық фронт-офисі қадағаламақ. Өткен аптада оның ашылу салтанатына ел Президенті қатысты. Шараға солтүстікқазақстандық еріктілер де ат салысып қайтты.

2020 жыл – жаңа бастамалар уақыты. Биыл волонтерлердің алдында маңызды міндет тұр. Ол – еріктілік ісін елде көтеру, дамыту. Қазірдің өзінде ауқымды жобалардың бір парасы қолға алынды, ал қолға алынатыны әлі қаншама?! Бастамалардың нәтижесін енді елордадағы республикалық “BIRGEMIZ” фронт-кеңсесінде байқауға болады. Оның ашылуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің өзі қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 – Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет.

Жаңа фронт-офистің ашылу салтанатына Мемлекет басшысынан бөлек, еліміздің барлық өңірлерінен жиылған 300-дей белсенді қатысты. 32-сі – солтүстікқазақстандық еріктілер. Бұл кеңсе ел бойынша волонтерлік жобаларды үйлестіреді, қоғамдық бақылау жүргізеді. Сол жобалар 7 салалық бағыт бойынша жүзеге аспақ.

Лилия Гизатуллина, СҚО еріктілер клубының жетекшісі:

 – Бірінші бағыт бойынша біз балалар үйлеріндегі жасөспірімдерді қамқорлыққа алатын боламыз. Ал “Саулық” тақырыбы аясында медициналық волонтерлікті дамытамыз. «Таза әлем» деген де бағыт бар. Ол қоршаған ортаны қорғауға арналған.

Негізі, “BIRGEMIZ” кеңсесі белсенділердің жұмысын бақылап қана қоймайды. Лилия Гизатуллинаның сөзінше, жаңа құрылым еріктілердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың бастамаларына қаржылай қолдау көрсетеді екен.

Лилия Гизатуллина, СҚО еріктілер клубының жетекшісі:

-Бұл ақшаны волонтерлер керек-жарақтарына жұмсайды. Мәселен, егер бұл іздеу тобы болса, олар рация, квадрокоптер, құтқару кеудешелері және униформа сияқты дүниелерді сатып ала алады. Жалпы, әр облыста жүзеге асқан 10 жобаға жалпы сомасы – 1 млн теңге, ал қосымша 68 жобаның әрқайсысына 300 мың теңгеден ақша беріледі.

Қазіргі таңда елімізде 200-ден астам еріктілер ұйымы жұмыс істейді екен. Олардың құрамына 50 мыңдай адам кіреді. Ал солтүстікқазақстандық еріктілер қатарында 800-ге жуық жан бар. Айта кететін жәйт, көп кешікпей мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірлерінде ашылады.