Білім

Қала оқушылары республикалық ғылыми жобалар байқауында үздік атанды

Алтын мен қоладан алқа тағынды. Қала оқушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысып қайтты. Еліміздің түкпір-түкпірінен 800-ге жуық оқушы бақ сынаған сайыста өңір жасөспірімдері үздік атанған.

Әдия Еркін өңірдегі жер-су атауларының тарихын зерттеген. Бұрымды ақпаратты арнайы сайтқа да тіркепті. Енді тұрғындар QR-кодтың көмегімен белгілі бір елді мекен жайлы мәліметтермен кеңінен таныса алады. Әдияның бұл бастамасын республикалық байқауда паш етіпті. Осылайша, оқушы қыздың еңбегі көпшіліктің көңілінен шығып, бірінші орынға лайық деп танылған.

Әдия Еркін – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназиясының оқушысы:

– Ғалымдардың топонимге байланысты еңбектері аз. Мен өңірдегі жер-су атауларын дәріптегім келді.

Ал Әділхан Бекжанов пен Әйгерім Қабдулқалиқова байқауда қанжығаларын 3-ші орынмен майлаған. Жасөспірімдер усарғалдақтың фитоүлдірін ажыратып алған. Оның өзі бір қиын іс екен. Балалар жазда орманнан 2 келіге жуық сарғалдақ жинап алып, арнайы құрылғының көмегімен сығып, желім қосып араластырыпты. Содан пайда болған дүниенің емдік қасиеті де бар көрінеді. Фитоүлдірге этил спиртін сіңдіріп жараның бетіне қойса аз уақыттың ішінде тез жазылып кетеді екен.

Әділхан Бекжанов – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназиясының оқушысы:

– Көбіне тері ауруларына қолданылады. Бұл әдістің адам денсаулығына тигізетін кері әсері жоқ.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауы Алматы қаласында ұйымдастырылған. Ақпанның 11-і мен 14-і өткен сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 800-ге жуық оқушы қатысыпты. Білім додасында өңір намысын 20-дан астам жеткіншек қорғаған.

Гүлбағыш Кемеңгерова – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназиясының мұғалімі:

– Байқауға 584 жоба ұсынылды. Сайыс 4 бағыт бойынша өткізілді. Оқушылар оның ішіндегі 11 секция бойынша қатысты.

Айта кеткен жөн, жеңімпаздардың жобасы мамыр айында АҚШ-тың Калифорния штатында өткізілетін халықаралық байқауға жіберіледі. Бұл сында жеңіске жеткен қазақстандық оқушы жоғары оқу орындарының бірінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады.

Маржан Касымбек