Құқық қорғау органдары

Жемқорлық жайлы хабарлағандар 10 млн теңгеге дейін сыйақы алады

Жемқорлық фактісі туралы хабар берген азамат енді 10 млн теңгеге дейін сыйақы алуы мүмкін. Оның мөлшері пара сомасы мен қылмыстың ауырлығына байланысты. Үкімет өзгертулер енгізген жаңа қаулы ақпанның 15-і күшіне енді. Қылмыскерді ұстап берген жанға тиісті ақша сот шешімі шыққаннан кейін төленеді.

Мәселеңді шешіп беремін, лицензияңды алып беремін, қамқорлық көрсетемін, жұмысқа орналастырамын. Лауазымын пайдаланып, осындай тырнақшадағы “көмек” үшін қол жайып, ақша сұрау тыйылар емес елде. Апта сайын жемқорлыққа қарсы қызмет парақорлықтың жаңа фактілерін анықтап, жолын кесіп жатады.

Қолының жымысқысы бар, көлдеңнен көк тиын табуға құмарлармен билік енді жаңаша күреседі.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Егер де алған пара не келтірілген залал сомасы 1000 АЕК, яғни 2 млн 651 мың теңгеден асатын болса, хабарлаған азаматқа жаңағы соманың 10 пайызы көлемінде сыйақы төленеді.

Қарапайым тілмен айтқанда, анау шенді 5 млн теңге пара алды деп құлағдар еткен жан 500 мың теңгеге байиды. Сыйақы сот қылмыскерді кінәлі деп тауып, шешім шығарғаннан кейін беріледі. Ақының ең максималды сомасы – 10 млн теңге. Одан артық төленбейді. Ал пара я келтірілген залалдың сомасы 1000 АЕК-тен яки 2 млн 651 мың теңгеден төмен болса сыйақы бұрынғы қағида бойынша беріледі.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Ескі қағидаларға сәйкес 30 АЕК-тан 100 АЕК дейін төленеді.

Жемқорлық жайлы хабарлау оңай. Азамат 1424 нөмірі бойынша хабарласа алады не жеке куәлігін алып, жемқорлыққа қарсы қызмет орталығына келіп, арыз жазуы тиіс. Ең маңыздысы сол дейді мамандар – парақорды ұстап берген азаматқа өмірі не денсаулығы үшін алаңдаудың еш қажеті жоқ.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Хабарлаған азаматтың аты-жөні құпия сақталады. Ол ережелерде ескертілген.

Саят Ермек – тілші:

– Хабар бергендерге сыйақы төлеу практикасы Германия, АҚШ, Ұлыбритания мен Гонконгта жемісті қолданылып келеді. Осыдан кейін заңсыз ақшаны қолтығына баспас бұрын лауазымды тұлға ойланатын болады, ал парақорлықтың куәгері болған адамның аузына құм құйылып қалмайды.

 

 

 

Саят Ермек