Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандық делегация түркиялық клиниканың жұмысымен танысты

Халықаралық стандарттарға жауап беретін медициналық кешен. Петропавлда 2022 жылы заманауи аурухананың таспасы қиылады. Әлеуметтік маңызы бар нысанды «YDA HOLDING» түрік компаниясы салуда. Инвесторлар дәл осындай емдеу мекемесін Түркияның Маниса қаласында тұрғызыпты. Барлық бөлімшелер мен білікті мамандарды шоғырландырған клиниканың жұмысымен Құмар Ақсақалов бастаған солтүстікқазақстандық делегация танысты.

Заманауи, жедел және сапалы көмек. Бұл барлық мамандар бір жерде шоғырланған емдеу мекемесінің басты тиімділігі. 2022-де халықаралық стандартқа сай келетін мұндай аурухана Петропавлда қолданысқа тапсырылады. Ал бірнеше жыл бұрын дәл осы жоба Түркияның Манисса қаласында іске асырылыпты. Біздің шаһарымызда есігін айқара ашатын медициналық орталықтың болашақ кейпі, міне, мынадай.

Емдеу мекемесі қалтқысыз жұмыс істейді. Бұған аурухамен танысуға Петропавлдан Маниссаға ат терлетіп барған теріскейлік делегация көз жеткізуде. Мыңдаған шаршы метрге жайылған медициналық кешенде науқасты тексеріп, диагнозын қойып, толық айықтыру үшін барлық жағдай жасалған. Бастысы – тұрғындарды қабылдап, кез келген диагностика мен ота өткізуге мүмкіндік беретін технологиялары да бар.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Біздің ауруханалар кеңес заманынан қалған жүйе бойынша жұмыс істеп тұр. Яғни, перинаталдық орталық, онкодиспансер, кардиология өзіне бөлек қызмет көрсетеді. Ал клиникадағы шаруа мүлдем басқаша құрылған. Аталған бөлімшелердің барлығы бір жерде, бір нысанда шоғырланады. Клиниканы Петропавлда тұрғызғанда бірнеше сәтті ескеру қажет. Себебі, халық демографиясы мен жиі кездесетін аурулар бізде басқа. Оның барлығы жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенде біздің өңірге сай, бейімделіп жасалады.

Мәселен тұрғындардың санын ескере отыра, аурухананың қауқарлығын 550 адамнан 510-ға дейін қысқартқан. Үш күн бойы емдеу мекемесіндегі әр палата, әр ота жасайтын бөлім жіті зерттеуден өтті. Нәтижесі бойынша теріскейлік тарап өз ұсыныстарын білдіруде.

Олег Дудяк – “Облыстық аурухана” ШЖҚ КМК онкологиялық блогының жетекшісі:

– Жан сақтау бөлімі мен бірнеше зертхананың орналасуын талқыладық. Біздің ойымызша олар сәл ыңғайсыз жерде орын тепкен. Жоба жетекшілерімен мәселені қарастырдық. Ұсыныстарымыздың барлығына құлақ асуда.

Ал науқастарға арналған палаталарға қатысты айтар сын жоқ. Бөлме таңдай қақтырарлық. Әрбір төсек бірнеше батырмамен жабдықталған. Егер науқастың жағдайы ушығып кетсе, біреуін басуы қажет. Санаулы сәттен соң көмекке ақ халатты келеді. Мына экраннан дәрігердің қанша уақытта жеткенін де көруге болады. Яғни, әр қадам – бақылауда. Ақпараттық жүйе мейірбикелердің ғана емес, қолданыстағы құралдардың да «қозғалысын» көрсетеді. Сайманды кім және қашан зарарсыздандырды? Білу оп-оңай.

Мұндай медициналық заманауи кешенді Петропавлда «YDA HOLDING» тұрғызады. Ол – Қазақстанда жұмыс істейтін тәжірибелі түркиялық компаниялардың бірі.

Джунейт Арслан – «YDA HOLDING» компаниясының басқарма төрағасының орынбасары:

– 2002 жылдан бастап компания Қазақстанда 18 жобаны жүзеге асырды. Біреуін де мерзімінен кеш тапсырмадық әрі жұмысты да мінсіз атқаруға тырысамыз. Біз елордада әуежай тұрғыздық, ЭКСПО нысандарын салдық. СҚ-ның климаты Нұр-Сұлтан қаласымен ұқсас. Сондықтан, біз үшін ауа райы да еш кедергі тудырмайды.

Делегация емдеу мекемесін аралағаннан кейін, жобаны үстел басына жиылып талқылады. Инвесторлар мен құрылысшыларға теріскейлік дәрігерлер мен өңір басшысы өз талаптарын қойып, ұсыныстарын білдірді.

Джунейт Арслан – «YDA HOLDING» компаниясының басқарма төрағасының орынбасары:

– Біздің өзге инвесторлармен бірлесіп атқарған жобаларымыз көп. Менің компанияның құрылыс бөлімшесіне басшылық етіп жүргеніме 26 жыл болды. Бірақ, өз тәжірибемде облыс әкімінің жобамен егжей-тегжейлі танысқанын бірінші көруім. Сізге және сіздің командаңызға алғыс білдіремін.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сапалы медициналық қызмет көрсету өңір мен ел экономикасына тікелей әсер етеді. Егер тұрғындарымыз ауруларынан айығып, аман-есен болса, өмір сүру жастары да ұзарады. Біз науқастарды өзге өңірлерден де қабылдап, емдеуге дайынбыз.

Аурухана тұрғызылғанша, солтүстікқазақстандық мамандар біртіндеп оқудан өтеді. Біліктіліктерін арттырып, заманауи технологияның тілін меңгеру үшін ақ халаттылар Түркия елінің өзіне аттанбақ.

 

 

 

Эльмира Садвокасова