Ауыл шаруашылығы

Өңір диқандары көктемгі қауырт жұмыстарына әзірлік үстінде

Аққайыңдық диқандар биыл 100-ден астам жаңа техника сатып алған. Негізі, ауданда 264 шаруа қожалығы бар. Олар алдағы егін себу науқанында 204 мың гектар алқапқа тұқым сіңіруді жоспарлап отыр.

«Түйір нан – тамшы тер». Берік Оразалин күнұзаққа қара майға қолын былғап, машиналардың моторын жөндеумен айналысады. Қазір көктемгі егіс жұмыстарына шығатын трактордың бұзылған жерлерін қайта қалпына келтіруде.

Берік Оразалин – «Полтавское» ЖШС механизаторы, Аққайың ауданы:

– Мына машинадағы әр болттың өз орны бар. Егер оны дұрыс қоймасаң сосын трактор жүрмейді.

Мамандар трактордың сынған, майысқан бөлшектерін тапсырыспен алдыртпайды. Керектің бәрін шеберханада өздері жасайды. Евгений Безвинный бұранданың түр-түрін әзірлей алады. Дәл қазір ол трактордың қозғалтқышына арналған тіректік болтты дайындау үстінде. Ең алдымен білдектің көмегімен темірді жонып, тиісті өлшемге келтіріп алды. Кейін, тетіктің көмегімен бұранданың бетін ойды.

Евгений Безвинный – «Полтавское» ЖШС металл жонушысы, Аққайың ауданы:

– Мен болаттың цилиндрлік, конустық, құбырлық, трапециялық түрлерін әзірлей аламын. Дайындау жұмыстарына 5 минут уақыт жеткілікті. Қажеттілікке байланысты күніне шамамен 70-80 шақты бұранда жасаймын.

Жалпы, Аққайың ауданында осындай шеберханалардың саны 2-еу. Біреуі – Смирново ауылында болса, екіншісі – Полтавкада. Соңғы аталған елді мекендегі шеберханада қазір 2 бірдей К-700 тракторы жөнделу үстінде. Алдағы уақытта дәл осындай маркалы техниканың 4-уін қалыпқа келтіру жоспарланып отыр.

Ерлан Зикирин – “Полтавское” ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Елді мекенде ауылшаруашылығы жұмыстарын атқаруға арналған жалпы 60-тан астам техника жұмыс істейді. Оның ішінде Камаз, ЗИЛ, жер жыртуға арналған тракторлар бар. Жөндеу жұмыстарын жоспар бойынша ақпан айының соңына дейін аяқтаймыз.

Қауырт маусымда диқаншылар 204 мың гектар алқапқа тұқым себуді жоспарлап отыр. Оның 146 мыңына – бұршақты және дәнді, ал қалғанына майлы дақылдар мен көкөністер егіледі.

Ермек Сопаяқов – Аққайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Былтыр ауданда тұқым қоры ойдағыдай толықты. Қазіргі таңда 27 мың тонна дән бар. Оның 21 мыңы – бидай және бұршақтылар. Ал 1,5 мың тоннасы – майлы дақылдар.

Аққайың ауданында алдағы көктемгі дала жұмыстарына 860 техника шығады деп жоспарланып отыр. Оның 112-сі су жаңа. Биыл сатып алыныпты.

 

Маржан Касымбек