Қоғам

Қазақ тілінің өрісін кеңейту

Мемлекетік қызметшілер мемлекеттік тілді үкімет есебінен тегін оқиды. Ол үшін арнайы курстар қарастырылған. Өңірде тыңдаушылар тарапынан тілді меңгеруге деген талпыныс бар ма? Осы және ономастикалық комиссияның жұмысы “Nur Otan” партиясының облыстық филиалының кеңсесінде өткен жиында тыңдалды.

Өткен жылдың 22-ші қазанында облыстық ономастика комиссиясының отырысы ұйымдастырылды. Алқалы жиында өңірдегі жер-су атауларына жерлес ақын-жазушылардың атын беру жайы қаузалды. Нақтырақ айтар болсақ, Тимирязев ауданын Сәбит Мұқановтың есімімен атау және өлкедегі 67 көшенің атауына қатысты мәселе туралы айтылды. Шара барысында бірқатар ұсыныстар бірден қолдау тауыпты.

Кемел Оспанов – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы:

 – Қазақ мектеп-гимназиясына Абайдың есімі, №25-ші орта мектепке Мақтай Сағдиевтың, ал Шал ақын ауданы Приишим орта мектебіне жерлес жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтын атын беру бірден қолдау тапты.

Енді екінші мәселеге келейік. Қазір өлкедегі балабақшаларға баратын бүлдіршіндердің тең жартысы қазақ тобында тәлім алады.

Ал мектептердегі ұл-қыздардың тек 28 пайызы мемелекеттік тілде оқиды. Бұл шамамен алғанда 20 мың оқушы екен. Шара барысында бұдан өзге де мәселелер талқыланды. Қазір өңірімізде мемлекеттік қызметкерлердің қазақшасын арттыру мақсатында қосымша курстар өткізіліп жатыр. Бірақ, одан қайыр шамалы. Бүгінде мамандар білім алғанымен, ана тілімізді жөнді білмейді. Оны жұмыс барысында журналистер қауымы да байқап жүр.

Кемел Оспанов – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы:

– Мемлекеттік қызметкерлер тегін оқытылады. Ол заңмен бекілген. Егер өздері төлеп оқыса, олар үйренер еді.

Ал көшелердегі жарнамалық тақта мен баннерлердегі қателер не болмақ? Ретке келтіріледі ме? Мұны отырысқа қатысушы тілжанашырлары сұрады. Сауалға басқарма өкілдері мәселені прокурорларға жеткізу қажет деп қысқа қайырды. Және болашақта белсенділермен арнайы топ құрып, қадағалаушы орган қызметкерімен бірге маңдайшаларында қатесі бар мекемелерді аралау жайы жоспарда екендігін айтты.

 

 

Актолкын Солтанханкызы