Қоғам

Қар тазалаушы кей кәсіпорындар ағаштар мен қоршауларды сындыруда

Биыл теріскейде қар нормадан көп түсті. Бір ғана Петропавлдың өзінен бүгінге дейін ақ ұлпаның жарты миллион текше метрі шығарылған. Алайда, жауапты серіктестіктердің жұмысына қатысты айтар сын бар. Бірі шаруаны атқарып үлгермей жатса, екіншілері жолдың тас жиектерін, ағаштар мен қоршауларды соғып өтетін көрінеді.

Желіні жарған хит-видео! Ақ ұлпаны көріп ақтаулықтар осылай қуанып жатса, Петропавл, керісінше, қармен күресіп әлек.

Саят Ермек – тілші:

– Қаланы тазарту жұмыстарымен 14 мекеме айналысады. Қыс басталғалы бүгінге дейін олар ақ ұлпаның 500 мың текше метрін шығарған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 150 мыңға артық яки қар биыл біршама қалыңырақ түсті.

Сондықтан, коммуналдық кәсіпорындар бел жазбай жұмыс істеуде. Қызметтеріне олар түнде кіріседі. Тәулігіне шаһар көшелеріне 75 бірлік техника шығады екен. Ал 100-ден астам жүк көлігі қарды шаһар сыртына тасиды. Бірақ, шыны керек, тазартудың сапасы кейде сын көтермей жатады.

Петропавлдың магистральдік көшелерінің бірі. Жөнді тазартылмаған жолда тұралап қалған 23-ші автобусты жолаушылар итеріп әлек. Салдары – кептеліс.

Мүмкіндігі шектеулі жандар да наразы. Қыста арбамен жүрудің өзі оңай емес, ал жолдар мен тротуарлардың шетіндегі төбешіктер қатынауды одан бетер қиындата түседі.

Сергей Сапко:

– Көшені тазартқанда артық қарды жолдың шетіне ысыра салады. Бұл үйіндіден аттап өту қарттар үшін аса қиын, ал арбаға таңылған мүгедектерге, тіпті, мүмкін емес.

Коммуналдық қызметтер тарапынан кейде ұқыптылық жетіспей жатады. Ауыр техника жер үйлердің шарбақ-қоршауларын қиратып тастаған жағдайлар жететін. Ал тротуардағы мына трактор шеттегі бұталарды қалай жайпап келе жатқанын байқамақ та емес. Автогрейдерлер мен тиегіштер бордюр атаулыны да сындырып жатыр, ал 19-шы ықшам ауданда техника, тіпті, жарық бағанасын қисайтып тастаған. Проблемадан Петропавл әкімдігі хабардар. Сөздерінше, мұндай жәйттер жылма-жыл тіркеліп жатады.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің баспасөз хатшысы:

 – Қоршауларды бұзып, ағаштарды зақымдап, бордюрларды қирататын болса, сол бұзған дүниелердің орнын қайта толтырып берулері бойынша хаттама толтырамыз және ауа-райы қолайлы болған кезде сол бұзушылықтарды қайта орнына келтіреді.

Ал олқылықтан сабақ алмаған серіктестіктермен әңгіме, тіпті, қысқа. Бүгінге дейін шаһар әкімдігі қаланы қардан жөнді тазартпай, міндетін орындамаған 2 кәсіпорынмен шартты бұзған. Олар енді – қара тізімде. Жолдардағы көктайғақпен де күрес жүргізіліп жатыр. Аялдамалардың алды, бетіне мұз қатқан көшелер мен тротуарлар – басты назарда.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің баспасөз хатшысы:

 – Мұз болмау үшін арнайы реагентті материалдарды, яғни тұзды қолданамыз. Сондай-ақ қазіргі таңда “ледоруб” атты арнайы қондырғыны қолданып жатырмыз.

Бірақ, мына кадрларға қарап, манағы “ледорубтың” иісін де сезбейсің. Көшеге құмды қызметкерлер шелекпен сеуіп жатыр. Алайда, жаңа техника бар, ол жұмыс жасауда дейді әкімдіктегілер.

Саят Ермек – тілші:

– Қазіргі таңда ақ ұлпадан қаланың орталық көшелері мен магистральдік жолдар тазартылып жатыр. Ал ақпанның 25-сінен бастап коммуналдық кәсіпорындар күшейтілген режимге көшеді. Көктемде жер үйлер су астында қалмасқа, Жұмысшы кенті, Береке мен Қапай аудандарына да қар тазалағыш техника келеді. Жұмыстың көлемін серіктестіктер еңсеріп жатыр, алайда манағы ұқыпсыздық олқылығын түзетсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

 

 

Саят Ермек