Қоғам

Заңдағы олқы тұстар талқыланды

Заң халық үшін қарапайым, түсінікті тілмен жазылған әрі мөлдір болуы керек. Петропавлда құқықтық актілерге сараптама жасау бойынша семинар өтті. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің сөзінше бірқатар заңда осал тұстар кездеседі. Қолының жымысқысы бар жандар үшін бұл – пара алуға оңтайлы сәт.

Күні кеше жемқорлықпен күрес агенттігі халық назарына мына статистиканы ұсынды. Бұл – министрліктер арасында парақорлықпен ұсталған шенді-шекпенділердің саны. Қара тізімнің басын құқық қорғаушылар бастап тұр. Бақандай 297 факті. Заңның орындалуын қадағалауы тиіс тәртіп сақшылары сол заңның ала жібін өздері жиі аттайтын көрінеді. Неге? Әрине, бірінші себеп – билікке жақын мамандар жазадан сытылып кетеміз деп ойлайды. Екіншіден кодекс пен құқықтық актілер соған мүмкіндік беріп отыр.

Зәуреш Батталова – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының штаттан тыс кеңесшісі:

– Кеденнен біздің бизнесмендер көп тауар өткізеді. Оны өткізу үшін анықтама алу қажет. Анықтаманы алу үшін бірнеше құжат әкелу керек. Сонда тізімде 5 құжат көрсетіліп, алтыншысы тағы басқа деп жазылады. Сол «тағы басқа» деген сөз жемқорлыққа жол береді.

Құжаттарды сұратқан шенді-шекпенді қалтаға оңай жолмен ақша басқысы келді делік. Яғни, ол кәсіпкерден ойына келген қағаздарды әкелуін талап етіп, пара беруін дәметеді. Ал бизнесмен не істейді? Процесстің жылжуы үшін маманға қомақты қаржыны ұстатады. Ендігі мысалды сот залынан келтірелік. Масаң күйде темір тұлпармен адамды қағып, денсаулығына орташа зақым келтірген жүргізушіні алайық. Оған 2 млн 600 мың теңге айыппұл немесе 1 жыл абақтыға қамалу жазасы төніп тұр. Заңбұзушы темір торға тоғытылғысы келмейді, әрине. Сондықтан, фемида өкіліне пара ұсынып, жеңіл жазаны қарастыруын сұрауы мүмкін. Күнделікті өмірде кездесетін қарапайым мысалдарды тізбектей беруге болады. Бірақ, олардың жалғасуына жол беруге болмайды. Семинардың мақсаты да осы.

Зәуреш Батталова – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының штаттан тыс кеңесшісі:

– Адвокаттар өз тәжірибелерінде бүгінде заңнамадағы кемшіліктерді көріп отыр. Сондықтан, біз адвокаттарды үйрету арқылы жемқорлық фактілеріне жол беретін заңнамаға өзгеріс енгіземіз деген ойдамыз.

Павел Афанасьев бастаманы қолдап отыр. Себебі, білім саласына маманданған заңгер құқықтық актілердің кемшіліктерін жиі кездестіремін дейді.

Павел Афанасьев – заңгер:

– Университеттердегі емтихандардың бір бөлігі жазбаша түрде өтеді. Оны комиссия мүшелері тексеріп, бағаларын қояды. Сол ұпай қаншалықты объективті деген сұрақ туындайды. Осы ретте сынақ қабылдайтын оқытушыларға да талап қойылуы тиіс деп ойлаймын. Бірақ, ол ешбір құқықтық нормаларда көрсетілмеген.

Бүгінде ел бойынша семинарларға 825 адам қатысқан. Бірақ, олардың барлығы ертең сарапшы болып, заңнамаға өзгерту енгізеді деген сөз емес. Білікті мамандардың пулын дайындау үшін шамамен 2-3 жылдай уақыт қажет екен.

 

 

 

Эльмира Садвокасова