Қоғам

Тілдерді оқыту орталығының мамандары сабақ берудің жаңа әдісін ойлап тапты

Қазақ тілін үйретудің өзгеше тәсілі. Бұл әдісті облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Орал Жанатов ұсынған. Қазір курс тыңдаушылары мемлекеттік тілді аталған жаңашылдық негізінде меңгеріп жатыр.

Тыңдаушылар оқыту-сабақтарын бастамас бұрын ми мен тілді жаттықтырып алады. Олар сөйлем құрастырады, сөздерді қайталайды. Кейін мамандар берген тапсымаларды орындайды. Руфия Мустафина мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істейді екен. Соңғы кездері іс жүргізу барысында қазақ тілін білмегендіктен қиындықтар жиі туындапты. Сол себепті, орталыққа келіп білімін кеңейтуді жөн көрген.

Руфия Мустафина, қала тұрғыны:

 – Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Мен курстарға келу себебім қазақ тілін үйренгім келеді. Бұл үйірмеге төртінші рет келуім. Маған қатты ұнайды.

Курсқа 12 адам қатысуда. Оларға орталықтың ең білікті деген мамандары сабақ береді. Орал Жанатовтың осы салада жинаған талай жылдық тәжірибесі бар. Азамат тыңдаушыларды оқытудың ерекше түрін ойлап тауыпты. Ол етістік шақтарын кесте ішіне тізбектеген. Бұл келушілердің есте сақтау қабілетін одан әрі дамытатын көрінеді.

Орал Жанатов, облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары:

– Былтыр эксперимент жүргізіп көрген болатынбыз. Келушілердің көбі қазақ тілінде жетік сөйлеуді үйрене алмапты. Сондықтан, жаңа жүйені іске қостық.

Жалпы, орталықта тыңдаушылардан құралған 140 топ бар. Оның 25-інде сабақтар ағылшын тілінде өткізіледі. Келушілер осыған дейін 8 ай бойы білім алатын. Енді биылдан бастап жұмысы барысы жаңа әдістің арқасында 4 айлық жүйеге негізделмек.

Үмітжан Шынтемірова, облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы:

– Жыл сайын тыңдаушылардың 70 пайызы қайта үйренуге келетін еді. Жаңа жүйенің арқасында енді олар тек 4 ай оқиды.

Жалпы, тілдерді дамыту орталығында сабақтар аптасына 2 реттен өткізіледі. Курс аяқталған соң тыңдаушылар емтихан тапсырып, арнайы сертификатқа ие болады.

 

 

Маржан Касымбек