Аптадағы маңызды жаңалықтар

Киров атындағы зауыт 50 сынамалық компьютер құрастырып шығарды

Киров атындағы зауыт мамандары компьютерлік технологияның тілін әрі қарай меңгеруде. Өткен аптаның соңында жергілікті инженерлер 50 сынамалық компьютер құрастыруды бастаған еді. Бүгін олар заман игілігінің соңғы үлгілерін жинауды аяқтады.

Компьютерді құрастыру жұмыстары осы жерде атқарылады. Мынау – жүйелік тақта. Ол зауытқа дайын күйінде Қытайдан жеткізіледі. Кейін маман оның ішіне компьютердің ең маңызды бөлшегі – процессорды орнатады. Бұл іске осында 9 жылдан бері еңбек етіп жүрген білікті инженер Дмитрий Демьяненко жауапты.

Дмитрий Демьяненко – «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ инженер-жөндеушісі:

-Жүйелік тақтаға процессор орнатылған соң, бетіне термопаста жағылып, салқындату вентиляторы қойылады. Термопаста радиатор мен процессордың арасында жылу алмасуды жақсартады. Сонымен қатар, жедел жад қоямыз.

Жүйелік тақта сәтті жиналды. Енді келесі процесс. Зауытта Дмитрийден бөлек тағы 2 маман оны жүйелі блоктың ішіне орналастырып, басқа да құрамдас бөліктермен бір-біріне жалғайды. Осыдан кейін компьютер дайын болып шыға келеді.
Барлығы 50 өнім жинақталуы керек екен. Іс мәресіне жетіп қалды. Бүгін мамандар оның соңғы үлгілерін құрастырып жатыр.

Азамат Сабыров – «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ бөлім басшысының орынбасары:

– Біз өткен жылдың соңында ультрабук үлгілерін жасап тестілеуден өткіздік. Биыл компьютерлерді өзіміз жинауға көштік. Болашақта планшет жасап үйрену жоспарда бар. Біз қазір жүйелік плата мен компьютердің корпусын Қытайдан әкелеміз. Алдағы уақытта оның барлығын өзіміз өндіріп шығарғымыз келеді. Осылайша бәсекеге жарамды дүние әзірлейтін боламыз.

Бұл компьютерлер тек сынамалық ретінде жасалып жатыр. Алдағы уақытта олар тексерістен өтеді. Егер еш ақаусыз жұмыс істеп жататын болса, нарыққа шығарып көруді жоспарлап отырмыз дейді мамандар.

 

 

 

Бердимурат Баймухан