БалаларМәдениет

Өңірде жас өнерпаздар арасында «Дебют» атты облыстық байқау өтті

Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы 10 жылдан бері оқушылар арасында «Дебют» атты байқау өткізіп келеді. Бұл жылы да осы дәстүрлерінен айныған жоқ. №1 Өнер мектебінің қабырғасында 60-тан астам өнерпаз бүгін 3 номинация бойынша бақтарын сынады.

Диляра Әскер 5 жыл бойы «Мерей» өнер мектебінің фортепиано сыныбында оқиды. Өнерлі қыз осы уақыт ішінде көптеген шығарманы меңгеріпті. Бүгін солардың бірін орындап жатыр. Туынды «Талшын» деп аталады. Сазгер Айдос Сағаттың бұл еңбегі – жеткіншектің ең сүйікті композицияларының бірі екен.

Диляра Әскер, Бәйтерек орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Менің музыкаға деген қызығушылығым кішкентай кезімнен оянды. Себебі, әпкем фортепианода ойнайды. Сол кезден бері оның орындауында көптеген шығармаларды тыңдап өстім. Содан мен де өмірімді музыкамен байланыстырғым келді.

Ал Валерия Решетникованың өнердегі тәжірибесі сәл молырақ. Биыл ол Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Рузаевка селосындағы өнер мектебін тәмамдайды екен. Талантты қыздың фортепианоны меңгергеніне 7 жыл болыпты. Осы аралықта талай рет байқауларға да қатысыпты. Соңғы сайыста Лера Ләззат Жұманованың “Фантазия” және Жан-Батист Дювернуаның “Этюд” атты шығармаларын орындады.

Валерия Решетникова, Рузаевка орта мектебінің оқушысы, Ғ. Мүсірепов ауданы:

– Бұл сайысқа ұзақ дайындалдым. Қателік жіберген жерлерім болды, соған қарамастан композицияны жақсы орындап шықтым деп ойлаймын. Жалпы, фортепианода ойнау маған ерекше ләззат сыйлайды. Бір нәрсені уайымдап жатсам, ол ойдан арылу үшін бірден музыкалық аспапта ойнаймын.

Биыл байқау «фортепиано», «ансамбль», «солист» номинациялары бойынша өткізілді. Қатысушылар екі түрлі сипаттағы туындыны орындады. Біреуі – қазақ композиторының шығармасы болса, екіншісі – өздерінің сүйікті туындылары. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолы сайысқа облысымыздың шалғай аудандарынан келіп, бақтарын сынап жатқан өнерпаздар да бар.

Ирина Колодаева, Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:

– Байқаудың негізгі мақсаты – дарынды балалардың музыкаға деген қызығушылығын арттыру, жас таланттардың шеберліктерін одан әрі шыңдау. Бұл байқау арқылы біз балғындарға өзін үлкен сахнада сынап көруге мүмкіндік береміз.

Байқауда 60-тан аса өнерпаз 3 жас ерекшелігі бойынша сынға түсті. Топ жарғандар арнайы дипломмен марапатталады.