Мәдениет

Қазақ мектеп-гимназиясына А.Құнанбаевтің есімі беріледі

Биыл ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың туғанына – 175 жыл. Осыған орай қаламыздағы қазақ мектеп-гимназиясына тау тұлғаның есімі берілмек. Сондай-ақ, шаһардағы білім ұяларында Абай шығармаларын үйрету орталықтары ашылады. Бұл жайлы Оқушылар сарайында өткен жиында айтылды.

Қазір өңірімізде қазақ халқының біртуар перзенті Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгін – солардың кезектісі. Оны білім беру саласында қызмет етіп жүрген жандар мен талантты ұл-қыздар ұйымдастырыпты. Кеште сөз алғандар ұлы ақынның шығармашылығына жіті тоқталды. Өлеңдері мен қара сөздеріне жоғары балаларын берді.

Зарқын Тайшыбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

– Абайдың бойындағы жақсы қасиеттер барлық қазақтың бойына жұқса екен деймін. Себебі, Абайдың өмір сүрген ортасы осыдан 150 жыл бұрын болса да, сол кездегі қазақтың мінез-құлқындағы, салт-санасындағы жағдайлар әлі өзгерген жоқ. Жақсысы дамып, нашары кеміп бара жатыр. Сондықтан Абайдың үлгісін, өсиетін оның аманатын жалғастыратын ұрпақтары көп болсын.

Алдағы уақытта ұлы ақынның 175 жылдығын тойлау аясында өңіріміздің білім беру саласында бірқатар іс тындырылмақ. Мәселен, биыл қалалық қазақ мектеп-гимназиясына Абайдың Құнанбаевтың аты берілмек. Сондай-ақ, шаһардағы барлық мектептерде Абайдың шығармашылығын үйрену орталықтары ашылатын болады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Көптеген іс шаралар жоспарланып отыр. Ол жерде көптеген тәрбие сағаттары, конкурстар және мұғалімдер арасында халықаралық форум бар. Сондай-ақ, мұғалімдері арасында жүргізілген ғылыми зерттеулер бойынша білім басқармасының атынан жылдың соңына қарай кітап шығарайын дегенбіз.

Ортаға шыққан өңіріміздің талантты ұл-қыздары Абайдың әуезді әндерін шырқап, жақұт жырларын жатқа оқыды.

 

 

 

Бердимурат Баймухан