МТРА жаңалықтары

Ауған соғысы ардагерлерін ұлықтау

Ақпанның 15-і – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні. 79-дың желтоқсанынан 89-шы жылдың ақпаны аралығында бұл майданға 22 мыңнан астам отандасымыз тартылған. Ал Солтүстік Қазақстаннан аттанған жауынгерлердің саны – 1,5 мың. Өз ардагерлерін Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің ұжымы құттықтап, құрмет-қошеметке бөледі.

Қосман Бегалинов – Ауған соғысының ардагері:

– Кімнің дұшман, кімнің дұрыс адам екенін түсінбейсің. Кездескенде амандасады. Дұрыс адам екен деп ойлайсың, ал кешке өзіңді жоқ қылады, атады.

Сондықтан, әр қадамды аңдап басу керек болды. Ауған жеріне 40-та аттансам да бойды билеген қорқыныш пен үрей әлі есімде дейді Қосман Бегалинов. Дұшмандарға қарсы ұрыстар, оқ атулар мен торуылдар – Ауғанстандағы әрбір сәт, әрбір күн қауіпке толы болды.

Қосман Бегалинов – Ауған соғысының ардагері:

– Кешке тұратын жерімізге қайтып келе жатқанда, дұшмандар оқ жаудырып, бізді құртпақшы болды. Біз олармен соғыстық. Олардан қанша адам өлгенін білмеймін, бірақ біздің жігіттер қажырлық танытып, сол соғыстан шықты.

Көп жолдасым көз жұмды дейді ардагер. Бірақ, оның пешенесіне Отанына аман-сау оралу жазылған. Соғыстан кейін Қосман Әбуұлы ҰҚК-нің Солтүстік Қазақстандағы департаментіне қызметке қайта тұрады. Органда ол 25 жыл еңбек еткен.

Рүстем Нығметов – ҚР ҰҚК СҚО бойынша департаментінің қызметкері:

-Ауғанстанда бейбіт өмір үшін соғысқан Кеңес әскерінің ардагерлерін құрметтеймін. Біз, жас ұрпақ, олардың ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз.

Ал жоғарыда дастархан басындағы бейресми кездесу. ҰҚК-нің облыстық департаментінде қазір 10 ардагер бар. 3-уі – Ауған соғысының қатысушылары. Оларды департамент ұжымы ұмытпайды.

Азат Каримуллин – ҚР ҰҚК СҚО бойынша департаментінің бастығы:

– 1989 жылы 15-ақпанда Кеңес Одағының әскері Ауған республикасынан шығарылған болатын. Соның ішінде біздің құрметті ардагерлеріміз де бар. Қайта Отанға оралып, жұмысын жалғастырып, кейіннен біздің қабырғамыздан зейнетке шығып, жанұяларымен аман-есен өмір сүріп жатыр.Үлкен кісілердің ақылымен жастардың болашақта мемлекетке деген, елге деген, отбасына деген көзқарастары өзгереді деп ойлаймын.

Кеңес әскерлері Ауған аумағына 79-дың желтоқсанында кіреді. Бақандай 10 жылға созылған ұрысқа 1,5 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қатысқан. 700-ге жуығының қазір көзі тірі.

 

 

Саят Ермек