Халық тарих толқынында

Антына берік жандар

Антына берік жандар. Ауғанстан еліндегі соғысқа бір жарым мың солтүстікқазақстандық қатысқан. Бүгінде ұрыста от кешкен жерлестеріміздің 700-ге жуығының көзі тірі. Бүгін ардагерлер жиналып, майданда қаза тапқан қарулас достарын еске алды. Сондай-ақ, өздері куә болған оқиғалармен бөлісті.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Ауған соғысы бақандай 10 жылға жалғасты. Сол жылдары Кеңес өкіметі құрамында болған елдерден мыңдаған жас жауынгерлер жат жерге жіберілді. Еліміздің өзінен 22 мыңға жуық сарбаз майдан ортасына аттандырылды. Солардың мың жарымы солтүстікқазақстандық болатын.

Мұратбек Қожахметов – Ауған соғысының ардагері:

 – Қай жерге келгенімізді білмедік. Айналада тек араб хәріптерімен жазылған жазуларды көрдік.

Мұратбек Қожахметов ол кезде 24 жаста болған екен. Азамат Алматы облысында
әскери борышын өтеп жүрген. Кейін жоғарыдан бұйрық келіп, бір түнде бүкіл батальон Ауған жеріне аттанады. Хайратонға жеткен соң жерлесіміз танк ротасының командирі атанып, техниканы басқарған. Соғыстың қақ ортасында жүрсе де көмек сұраған ауған халқына барынша жәрдем беріпті.

Мұратбек Қожахметов – Ауған соғысының ардагері:

– Ол кезде свет болған жоқ. Халық бізден майшам, тіпті нан сұрағандар да болды. Әскерилер оларға барынша көмектесті.

Жерлесіміз Ауған елінен Отанына әскери борышын өтеу уақыты аяқталған соң, яғни 3 айдан кейін оралады. Туған жерге аман-есен келген соң отбасын құрып 2 ұлдың әкесі атанады. Қазіргі күні 4 бірдей немеренің атасы.
Ақпанның 15-і Кеңес үкіметі әскерінің Ауғанстан елінен шығарылғанына 31 жыл толады. Ұрыс даласында болған жерлестеріміз бүгін қаза тапқан қаруластарын еске алды.

Айжан Жакупова – ҚР ҰҰ Әскери институтының офицері:

-Біздің мақсатымыз – жастарды патриоттық сезімге баулу. Кейінгі буын ардагерлердің ерлігін біліп өскендері дұрыс.

Кейін ардагерлер өңіріміздің өнерпаз жастары ұйымдастырған концертті тамашалады. Патриоттық әндерді тыңдап, жастық шақтарын еске алды.

Маржан Касымбек