МТРА жаңалықтары

Қаладағы пандустар қаншалықты талапқа сай?

Мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалуы керек. Ол үшін барлық нысандардың алдында талапқа сай пандустар орнатылып, зағиптар жүретін жолақтар мен тактильді белгілер тақтасы болуы қажет. Ал Петропавлда жарымжан адамдар үшін бұның барлығы қаншалықты қолжетімді? Мұны анықтау үшін нұротандықтар арнайы рейд шараларын өткізіп жатыр.

Бұл – қаладағы сапаржай алдында орнатылған пандус. Оның көмегімен жарымжан адамдар күнде нысанға кіріп-шыға алады. Ол қаншалықты ыңғайлы? Мұны бүгін Ақжан Кәрім тексеріп көрді. Мүмкіндігі шектеулі азамат арбамен әзер көтерілді. Айтуынша өте тайғақ. Қары да тазаланбапты.

Ақжан Кәрім – «АРДОС-Жүрек» мүгедектер бірлестігі» ЗТБ директоры:

– Біздің өңірде пандус мәселесі әлі де өткір тұр. Мысалы, қазір барлық нысан алдында пандус бар. Бірақ, басым бөлігі стандартқа мүлдем сай келмейді. Осының салдарынан біраз қиындықтар туындайды. Негізі, пандус біздерге ғана емес, қарттар мен декреттегі аналарға да керек. Сол себепті, оны сапалы орнату қажет. Біз осыны мекеме басшыларына жеткізгіміз келеді.

Есік алдындағы жағдай мәлім болды, енді ішкі кірейік. Мұнда мүгедек жандарға қаншалықты жағдай жасалған? Осыны білмек болдық. Сөйтсек, осыдан екі жыл бұрын “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының өкілдері қаламыздағы автовокзалда тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде біраз олқылық анықталып, басшылыққа ескерту жасалған екен. Нысан ішін аралай жүре кейбір кемшіліктің түзетілгенін көрдік. Мысалы, кіреберіс есікке көру кемістігі бар жандар үшін қанық сары түспен белгіленген қағаз жапсырылған. Бірақ, есіктің өзі ауыстырылмапты. Әлі де сал қалпы тар. Мұны сапаржай басшысы Александра Сысоева ретке келтіреміз деді.

Нысанда зағиптар жүретін жолақтар мен тактильді белгілер тақтасы да бар. Олар 2 жыл бұрынғы тексерістен кейін пайда болыпты. Ал сапаржайдағы дәретхана мүгедектер үшін қаншалықты ыңғайлы? Осыны білу үшін бақылау тобының өкілдері әжетхана жаққа да өтіп, пікір бөлісті. Олар мұндағы есік тар дейді. Ішке арбамен кіру қиын екен.

Гүлнәр Халықова – “Nur Otan” партиясы СҚОФ бөлім меңгерушісі:

– Сапаржайдың сыртынан да, ішінен де бірқатар олқылықтар анықталды. Оларды бір қағазға жазып, басшылыққа тапсырамыз. Алдағы уақытта кемшіліктер түзетіледі деп сенеміз.

Кейін мониторингтік топ темір жол вокзалына бет бұрды. Мұнда мамандар кіреберістегі пандустың енін, ұзындығын өлшеді. Нәтижесінде пандустың талапқа сай келмейтіндігі анықталды. Мамандар нысанның ішін де аралады. Бұл жерде де біршама олқылықтар бар. Олар басшылыққа айтылды. Басшылық өз кезегінде қазір қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартып, ескертулер құрылыс барысында ескеріледі деп сендірді.

 

 

Ешкенова Дана