Спорт

Жерлестеріміз республикалық чемпионаттан 5 медальмен оралды

2 алтын, 3 күміс. Солтүстікқазақстандық спортшылар республикалық жарыстан қанжығаларын 5 медальмен майлап қайтты. Орал қаласында ақпанның 3-і мен 6-сы аралығында қысқы президенттік көпсайыстан ел чемпионаты өтті.

Виктор Трегуб Орал қаласында өткен дүбірлі додада 1-ші орынды иеленіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Спортшыға жеңіске жету жолында бір жыл бұрын алған жарақаты да кедергі келтірген жоқ. Бұл – қажырлы еңбектің арқасы дейді Айтуынша, алар асулары әлі алда әрі тәжірибесімен ізбасарларымен бөліскісі келеді.

Виктор Трегуб – қысқы президенттік көпсайыстан ҚР спорт шебері:

– Жуырда бапкерлікпен айналыса бастадым. Бір топ жас спортшы жинадым. Оларға бар білгенімді үйреткім келеді. Балалар спортқа белсенді қызығушылық танытуда.

Данила Викторенко да қысқы жарыстарға тыңғылықты дайындалыпты. Бірақ, облыстық іріктеу кезінде жарақаттанып қалып, екі айға үзіліс алыпты. Кейін жаттығуларға қайта оралып, жуырда ел чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

Данила Викторенко – қысқы президенттік көпсайыстан ҚР спорт шебері:

– Өмірімнің 14 жылын спортқа арнадым. Басында шаңғы тебуден бастадым. Түрлі жарыстарға қатыстым. Кейін биатлонға көштім. Ал соңғы 4 жыл бойы қысқы президенттік көпсайыстарға қатысып жүрмін.

Жалпы, қысқы президенттік көпсайыстан ел чемпионаты Орал қаласында ақпанның 3-і мен 6-сы аралығында өткен болатын. Біздің өңіріміздің намысын 6 бірдей спортшы қорғады. Жерлестеріміз жарыста топ жарып, құрама қоржынын 5 медальмен майлады. Оның 2-уі – алтын, қалғаны – күміс.

Виталий Пенкин – президенттік көпсайыстан облыстың аға жаттықтырушысы:

– Орал қаласында өткен қысқы президенттік көпсайыста спортшылар оқ ату, күштік гимнастикадан сынға түсті. Сондай-ақ, ерлер белтемірде тартылды, ал әйелдер кеудені жерден көтеріп жарысты. Оған қоса 5 және 10 шақырымдық шаңғы жарысы да болды.

Айта кетейік, қазіргі таңда жерлестеріміз әлем чемпионатына дайындық үстінде. Ол наурыз айында Ресейдің Сасово қаласында өтеді.

Дана Сәлімқызы