МТРА жаңалықтары

Медициналық ұйымдарға ақпараттық стикерлер жапсырылды

260 мыңнан аса солтүстікқазақстандық стоматологиялық қызметті тегін ала алады. Қазір өңіріміздегі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жұмыс істейтін ұйымдарға ақпараттық стикерлер жапсырылып жатыр. Қағазда көрсетілген телефон нөмірі мен КЮ АР код арқылы кімге қандай қызмет қолжетімді, қайда жүгінуге болатындығын білуге болады.

Өңірдегі жекеменшік емханалар қаңтар айынан адамдарға жаңаша үлгіде қызмет көрсете бастады. Нақтырақ айтқанда, МӘМС жүйесі аясында жұмыс істеуге көшті. Яғни, келушілерді ақысыз қабылдайды. Олардың қатарында “Медея-Север” серіктестігі де бар. Бірақ, бұл турасында кейбір жандар бейхабар болуы мүмкін. Сол себепті, қазір орталықтардың кіреберістеріне ақпараттық стикер жапсырылып жатыр. Бұл қағазда қажетті мәліметтің барлығы бар.

Лариса Гордеева – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директоры:

– Ақпараттық стикерде 1406 нөмірі көрсетілген. Осы нөмірге адамдар кез келген уақытта тегін хабарласып, мәлімет ала алады. Және ұсыныс-тілектерін, арыз-шағымдарын да білдіруге болады. Жыл басынан бері 9 қоңырау қабылданды. Жерлестеріміз көбінесе мекемелердегі ұзын-сонар кезекке қатысты наразылықтарын білдірген.

Стикерде QR-код та бейнеленген. Оған арнайы бағдарламасы бар ұялы телефоныңыздың камера тұсын жақындатсаңыз, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтына өтіп, барлық ақпаратпен танысасыз.
“Медея-Север” серіктестігі биыл 400-ге жуық адамды қабылдап, тегін қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Қор аясында тиісті ақша бөлініпті.

Наталья Лысакова – “Медея-Север” ЖШС директоры:

– Науқасты дәрігердің жолдамасы бойынша қабылдаймыз. Кейін тексеру жұмыстарын жүргізіп, күндізгі стационарда ем-дом шараларын жүргіземіз. Өзімізде зертхана да бар. Қажет болса сол жерде тегін сараптама да жасаймыз. Биыл қормен 16 млн теңгеге келісім шарт жасастық. Алдағы уақытта бұл сома өсуі мүмкін.

Бүгінде тұрғындар қалтаға айтарлықтай салмақ салатын стоматологиялық қызметтерді де тегін пайдалана алады. Ол үшін облысымыздағы 24 ұйымға жүгіну қажет. Оның 7-еуі – жеке меншік. Бұл мекемелердің барлығымен әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры келісімге келіпті. Осы келісімнің арқасында зейнеткерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар, балалар және жарымжан ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған аналар тегін көмекке жүгіне алады. Стоматологиялық қызмет көрсету үшін биыл 508 млн теңгеге тарта қаржы бөлу жоспарланған екен. Жалпы, қазіргі күні өңіріміздегі 52 медициналық ұйым МӘМС шеңберінде жұмыс істейді. Бүгін осы мекемелердің барлығына ақпараттық стикерлер жапсырылды.

Байболат  Култанов