Қоғам

Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкер ауылды дамытуда

Жылдам әрі сапалы алғашқы медициналық көмек. Аққайың ауданындағы Полтавка ауылында тұратын кәсіпкер жергілікті фельдшерлік-акушерлік қосынды жөндеп, оған тиісті құрылғыларды алып берген. Бұл мақсатқа іскер азамат өз қалтасынан 12 млн теңге жұмсаған екен.

Аида Қыдырбекова жолдасы екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Отбасы Аққайың ауданындағы Полтавка ауылына шамамен 1 жыл бұрын Жамбыл облысынан қоныс аударыпты. Жас жанұяға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында уақытша баспана ұсынылып, жұмыспен қамтылған. Нәзікжанды бүгінде елді мекендегі фельдшерлік-акушерлік пунктте медбике болып жұмыс атқарады.

Аида Қыдырбекова – ауылдық ФАП медбикесі, Аққайың ауданы:

– Мұнда жұмыс істеп жүргеніме 7 ай уақыт өтті. 2 ай бұрын осында көштік.  Бұрын науқастарды қабылдауға арналған 2 кабинет қана бар еді. Қазір жаңа технологиялар әкелінді. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті.

Жалпы, Полтавка ауылында 830-дан астам адам өмір сүреді. Бұрындары елді мекенде тозығы жеткен бір ғана емдеу мекемесі жұмыс істеп тұрған. Оның өзінде науқастарды қарауға арналған қондырғылар болмаған. Өткен жылы жергілікті кәсіпкерлердің бірі 12 млн теңге бөліп, ескі нысанды толықтай жаңартыпты. Енді жерлестеріміз алысқа ұзамай-ақ, ем-дом шараларын осында да алуға мүмкіндіктері бар.

Максим Яцкевич – ауылдық ФАП фельдшері, Аққайың ауданы:

– Ауылымыздағы медициналық мекеменің мүмкіндіктері артты. Мұнда науқастарға кішігірім ота жасауға мүмкіндік бар. Арнайы қондырғылардың көмегімен сырқаттанып қалған жандардың дертін анықтай аламыз.

Егу, қаралу, ем-шара кабинеттері. Жаңаланған фельдшерлік-акушерлік қосында 4 бөлме қарастырылған. Нысанның іші талапқа сай етіліп жөнделіпті және тиісті медициналық қондырғылар да орнатылған.

– Фельдшерлік-акушерлік қосынның жаңартылғанына қуаныштымыз. Әйтпесе, әсіресе қыс мезгілінде балаларды ертіп көрші ауылға бару қиын болатын.

– Бұрын Смирново ауылындағы емдеу мекемесіне барып ем алушы едік. Қазір енді өзімізде қаралатын болдық.

Айта кеткен жөн, фельдшерлік-акушерлік қосынға елді мекен тұрғындарынан бөлек, 2 көрші ауылдың адамдары да келіп қаралады.

Маржан Қасымбек