МТРА жаңалықтары

Өңірге іссапармен еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі келді

Отандық шағын және орта бизнес өкілдері мүгедек жандарды жұмысқа алмаса, мемлекеттік тапсырыстардан қағылады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қазір осындай заң жобасын әзірлеп жатыр. Осының арқасында жарымжандар жаппай еңбекке тартылып, қоғамға бейімделе алады. Бұл жайлы облысқа ісспармен келген вице-министр Ерлан Әукенов айтты. Ол өңірдегі әлеуметтік сала мамандарымен селекторлық жиын өткізді.

Жағдайы төмен жанұяларға қаржылай көмектесу, оларды кедейліктен шығару және ең бастысы – еңбекке ынталандыру. АӘК-тің жаңа форматы осыған бағытталған. Мұндай түбегейлі өзгерістер – қажеттілік дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов. Сөзінше, соңғы бірер жылда қоғамда мемлекет есебінен күн көріп, биліктің қолдауына ғана үміт арту артқан. Осы ретте жәрдемнің тоқсан сайын қайта тағайындалып отыратындығы, отбасының жұмысқа қабілетті мүшесі қызметке тұрмаса, қаржылай көмектің берілмейтіні талай рет айтылды.

Алмаз Қошманов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Биыл СҚО-да 8500-дей жанұяға АӘК төлеуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін 849 млн теңге қарастырылды. 2 мыңға жуық балаға кепілді әлеуметтік көмек көрсетеміз. Азық-түлік, киім-кешек, мектеп формасы, оқу және гигиеналық құралдар елордадан жеткізілмек. Көмекті мұқтаж отбасылар “Қазпошта” арқылы алып отырады.

Биыл көпбалалы отбасыларға бөлек жәрдемақы да енгізілді. Таңқалдырары сол – 4 және одан да көп балалары бар жанұялардың саны елімізде соңғы 1 айдың ішінде 30 мыңға көбейіпті.
Жиында тағы бір мәселе қаралды. Біздің облыста мүгедек балалардың саны 2 мыңнан асады. Басты міндет – жарымжан балаларға сау балғындармен тең білім беру. Сондықтан, облыс мектептерінде қазір жаппай инклюзия кабинеттері ашылуда. Бірақ, басымдықты басқаға беру керек дейді вице-министр. Егер бала жарты келі салмақпен, мерзімінен бұрын туса, оның болашақта жарымжан болып қалуы әбден мүмкін. Мұның алдын алуға болады. Бастысы – ертерек қамдану.

Ерлан Әукенов – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

– Егер баланы бір жасқа дейін скринингтен өткізіп, бойдағы ақауды ерте анықтасақ, оның болашақта 12 мүшесі сау адам болу мүмкіндігі 100 пайызға дейін жетеді. Ал дерт 1 мен 3 жас аралығында анықталса, баланың сауығып кету мүмкіндігі 50 пайызды құрайды. Сондықтан, мүгедектікке әкеп соқтыруы мүмкін ақауларды ерте анықтауға ден қойып, тиісті ем-дом шараларын қолға алу керек.

Қазақстандағы барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тек 25 пайызы ғана еңбек етеді бүгінде. Өйткені, оларды қызметке қабылдайтындар шамалы көрінеді. Бірақ, көп кешікпей жағдай өзгереді дейді Әукенов мырза. Министрлік мүгедектерге қатысты жаңа заң әзірлеп жатса керек.

Ерлан Әукенов – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

– Егер кәсіпорындағы барлық жұмысшылардың 24 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар болмаса, бұл кәсіпорын мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айырылады. Иә, бұл – өте қатал талап. Бірақ, оны ендірмесек, мүгедек отандастарымыз жұмыс таба алмай, 4 қабырғада қамалып отыра береді.

Жаңа заң парламентке күзде ұсынылмақ. Бұл – шет елдерде баяғыдан бері қолданылып келе жатқан тәжірибе дейді вице-министр.

Саят Ермек