Аптадағы маңызды жаңалықтар

Дружба ауылынан Петропавлға автобус жүрмейді

Ғ.Мүсірепов ауданындағы білдей бір ауыл тұрғындары Петропавлға күзден бері жөнді қатынай алмай отыр. Бәріне себеп – қалаға жүретін автобустың тоқтауы. Жалғыз қоғамдық көліктен айырылған жұрт қазір қымбатқа такси жалдап, трассада көлік ұстауға не машинасы бар көрші-қолаңнан көмек сұрауға мәжбүр.

Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғындары Новоишимское мен Саумалкөлді байланыстыратын трассаның жағдайына наразы. Әсіресе, аудан шекарасы мен Казанка ауылының арасындағы учаскемен қатынау қиынның-қиыны. Жолдың жамандығы соншалық дейді жұрт, сапардан кейін кейде, тіпті, көлікті жөндетуге тура келіп жатады. Ой-шұқырларға балшық пен тас төселген, бірақ мұның пайдасы шамалы.

Юрий Боровских, Новоишимское селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бірер жыл бұрын қиын жағдайда қалдым. Астанаға ЭКСПО-ға бара жатып, көлігімнің беріліс қорабын тесіп алдым. Жарты жолда қалып, түнде әзер жеттік.

Ұқсас оқиғаға тап болғандар көп. Қуанышты жаңалық – жол жөнделеді, бірақ біраз күте тұру керек. Жаңа асфальт келер жылдың басында ғана төселе бастайды. Әзірге, керек құжаттар дайындалып, ақша қарастырылып жатыр. Ғабит Шарақпаев Дружба селосының базынасын арқалай келген. Өткен қыркүйектен бері ағайынға Петропавлға жету – нағыз проблема. Қалаға қатынайтын жалғыз автобус жүруін тоқтатқан. Неге? Мұны білмекке облыс әкімі телефонын алып, жауапты басқарма басшысына қоңырау шалды. Тұтқаның арғы жағындағы Владимир Балахонцевтің сөзінше, тасымалдаушы  адам санының аздығынан жөнді пайда таппай жатырмын деп, қолын бір-ақ сілтеген.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрғындардың 96-97% пайызы автобус тасымалымен қамтылған деп мақтанышпен айтамыз. Бірақ, бұл ауылдың қалып қойғаны дұрыс емес. Бәрін есептеп, қайта тексеріңіздер. Қажет болса, тасымалдаушыға көбірек қаржы бөлуге дайынбыз.

Новоишимкаға жабық хоккей корты керек. Бұл – Владимир Дудиннің өтініші. Ашық корт бар, бірақ қыстың боранында қар астында қалып қояды. Одан қалды, сүйектен өтетін суықта қолға клюшка алып, ойнай да алмайсың. Аймақ басшысы спортшыға демеуші табуды ұсынды. Өйткені, облыс қазынасының есебінен Новоишимкаға дене шынықтыру кешені салынбақшы. Бұған қазірдің өзінде 380 млн теңге бөлініп қойған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Екі қабатты үлкен кешен салынады. Ішінде барлық жағдайлар жасалады: түрлі спортзалдар, киім ауыстыру бөлмелері мен душ кабиналары болады.

Кешен Новоишимканың дәл ортасында орналаспақ. Ал алып селоның шетінде тұратындардың жағдайы не болмақ?

Владимир Дудин, Новоишимское селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Мен өзім теміржол станциясы маңында тұрамын. Бұл аумақта спортпен айналысатын орын жоқ. Жақын маңдағы мектеп спортзалының кестесі тығыз, онда шынығу мүмкін емес.

Станцияда 5 мыңдай адам тұрады. Спортпен айналыспаққа селоның орталығына сабылу оңай емес. Құмар Ақсақалов тұрғындарға қол жинап, жергілікті әкімдікке ресми хат жазуды ұсынды. Сонда түйткіл тезірек шешімін табады.

Саят Ермек