Қоғам

Қалалық жатақханаларда рейд өткізілуде

Интернеттің қолжетімділігі. Бұл – жатақханада тұратын жастарды жиі толғандыратын мәселе. “Nur Otan” партиясы мен “Jas Otan” жастар қанатының белсенділері арнайы мониторингтік топпен бірге студенттер үйінде рейд шараларын бастады.

Ыстық су бар, бөлменің іші жылы, тегін вайфай да орнатылған. Студенттер үшін бұдан басқа не керек?
Бұл – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің жатақханасы. Партия белсенділері осында тұрып жатқан жастармен жүздесіп, хал-жағдайларын сұрастыруда. Арнайы комиссия тексерісті нысанның 5-ші қабатынан бастады.

Интернет тегін болғанымен вайфай толқыны жоғары қабаттарға нашар жетеді екен. Сол себепті, жастар заман игілігін толықтай пайдалана алмай отырмыз дейді.
Студенттердің бөлмесінде 1 ғана розетка бар. Қуат көзін пайдалану үшін кезекке тұратын көрінеді.

Жаттақхана 270 орынға шақталған. Қазіргі күні мұнда ауылдан келген 235 студент тұрып жатыр.
Негізі, нысанға жыл сайын жөндеу жұмыстары жасалып тұрады екен. Мәселен, былтыр 2-ші және 3-ші қабаттағы жуынатын бөлмелер толық оңдалыпты. Қазір іші жарық әрі мұнтаздай тап-таза. Дәл осы қабаттарға жаңадан кір жуғыш машиналар да қойылыпты.

Раиса Зорина – жатақхана меңгерушісі:

– Ас үй таңғы 7-ден кешкі 10-ға дейін жұмыс істейді. Тазалығына студенттер жауап береді. Өздері кешке қарай кезекпен келіп, осы жерді жуып-сүртіп отырады. Сондай-ақ, біз биыл қосымша кір жуатын машина, тоңазытқыш және электр плитасын әкеліп орнатамыз.

Ұл-қыздар үшін мынадай теннис үстелдері де бар. Студенттер бос уақытта осы жерге келіп бой жазып аламыз дейді.
Әлия Қизатова мұнда 3 жылдан бері тұрып жатыр екен. Болашақта білікті заңгер болғысы келеді.

Әлия Қизатова – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Жалпы, жатақханадағы жағдай жақсы. Өзіме ұнайды. Іші жылы.

Мұндай рейд шаралары жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Комиссия мүшелері жатақханаларды аралап, оның ішкі жағдайын тексереді. Студенттердің тыныс-тіршілігімен танысады. Сауалдарын тыңдайды.

Біржан Құдайбергенов – «Jas Otan» ЖҚ Петропавл қалалық бөлімінің жетекшісі:

– Біз арнайы мониторингтік топпен бірге жаттақханаларда рейд өткізіп жатырмыз. Бүгін тексерісті Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің жатақханасынан бастадық. Барлығын қарап шықтық, студенттердің жағдайы жаман емес. Ал тыңдалған мәселелерді тиісті өкілдерге жеткізетін боламыз.

Жалпы, қалада 13 студенттік жатақхана бар. Мониторингтік топ алдағы уақытта олардың барлығын қарап шығуға ниетті.

Бердімұрат Баймұқан