Энергетика

2-ЖЭО-ында суды босату жұмыстары жалғасуда

Жылу электр орталығында суды босату шаралары жалғасуда. Кәсіпорын мамандары  қондырғылардың жұмысын жақсарту мақсатында алынатын суды / үнемі жаңартып тұрады. Ал Есіл өзеніне құйылатын судың сапасы – жіті қадағалауда. Бүгінге дейін олар судың шамамен 700 мың текше метрін босатқан.

Белое тұйық көл болғандықтан, мұндағы су тұзды. Оны емдік бағытта болмаса, тұрмыста пайдалануға келмейді. Сол себепті, 2-ші жылу электр орталығында өндірістік мақсаттағы суды осы көлден алады. Қондырғыларда жыл бойы айналған су қаңтар-сәуір айларында Есілге құйылады.

Алексей Зубков – “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ Петропавл 2-ЖЭО турбиналық цехінің бастығы:

– Биыл тиісті жұмыстар қаңтардың 15-сінен басталды. Әзірге, судың 680 мың текше метрін босаттық. Су таза, бірақ әуелдегі қалпына қарағанда қаттылау келеді.

Өзенге былтыр жылу электр орталығынан шамамен 1 млн текше метр су жіберіліпті. Жалпы, жылдық норма 4 млн-ға жуықтайды. Есілге босатылатын судан апта сайын сынама алынып, құрамы үздіксіз тексеріліп тұрады.

Анна Айтикеева: “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ Петропавл 2-ЖЭО қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы:

– Су таза. Иісі де, түсі де жоқ. Қоршаған ортаға еш залал тигізбейді. Оны зертхана мамандары да растап береді.

Ал Белое көліне келетін болсақ, оның деңгейі төмендеп қалмай ма деген сұрақ туындайды. Бұған экологтар көктемде Есіл өзенінің деңгейі көтерілген кезде Белое көлі толығып тұратынын айтты.

Актолкын Солтанханкызы