Қоғам

Ұшақ билетінің бағасы арзандайды

Ұшақ билетінің бағасы арзандайды! Наурыз айының 13-нен бастап солтүстікқазақстандықтар ару қала – Алматыға 9999 теңгеге жете алады. Бұрындары жолақы 25 мыңды құраған болатын.

Алматы – арман қала. Келісті келбеті, көркем табиғатымен келушілерді баурайтын шаһарға қысы-жазы қонаққа баратын теріскейліктер аз емес. Бірақ, әсем қалаға әуе кемесінен көрі, пойызбен қатынайтындардың үлесі әлдеқайда жоғары. Неге? Өйткені, ұшақ билетінің құны қалта қағарлықтай қымбат. Енді бағасы тістейтін авиабилеттердің дәуірі артта. Солтүстік қақпадан оңтүстік астанаға әуемен жету жуырда әлдеқайда арзандайды.

Марат Хасенов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ директоры:

– Осы “Fly Arystan” әуе серіктестігімен біз 2019-жылдан бастап өңірге рейс ашу үшін жұмыс бастадық. Қазіргі кезде біз келісімге жеттік. 13-ші наурыздан бастап, аптасына 4-рет ұшатын болады. Билет бағасы 9999 теңгеден басталады.

Әуежай кассасы, қаладағы кассалар мен онлайн кассалар – 10 мыңның арзан билетіне қазірдің өзінде тапсырыс беріп, сатып алуға болады. Олардың саны шектеулі – барлығы 90. Айта кеткен жөн, бұл билеттің минималды сомасы. Қосымша қызметтер үшін қосымша қаржы төлеу қажет.

Марат Хасенов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ директоры:

– Жүгіңіз болса әр келі үшін төлеу керек. Әуе кемесінде өзіңізге ыңғайлы орын таңдағыңыз келсе де сол. Сол үшін 4-кісі жұмысқа алынды. Ол кісілер керек болса билет сатады, жүгін реттеп өзге де барлық жұсмысты атқарады.

Ұшу ұзақтығы – 2 сағат 10 минут. Алғашқы рейс Алматы қаласынан наурыздың 13-і сағат таңғы 6:35 те ұшады. Ал 9:55-те ұшақ қайта көкке көтеріліп, Петропавлдан оңтүстік астанамызға бет алмақ. Авиабилет бағасының төмендеуін жұртшылық қуанышпен қабылдап отыр, бұл қуанышты түсінуге болады. Көпшілік үшін енді әуе қатынасы қолжетімдірек бола түсті емес пе?!

– Алматыда екі ағам тұрады. 25 мың теңгеге билет алғанан 10 мыңға алып барып қайтқан дұрыс ғой.

– Менің Алматыда сыныптас достарым бар. Баға арзандаса неге барып тұрмасқа. Тұрғындар үшін жақсы жаңалық болған екен.

– Баға өте тиімді, баруға болады.

Бүгінде Петропавл халықаралық әуежайынан ұшақпен Алматыға ғана емес, Шымкент шаһарға да жетуге болады. Биыл елордамыз Нұр-Сұлтанға, Қарағанды мен Ақтөбе қалаларына да жаңа рейстер ашылмақ.

Ақтолқын Солтанқызы