Спорт

“Qulager” хоккейшілері “Астана” құрамасын тізе бүктірді

Спорт жаңалығына кезек берейік! Кеше кешке жергілікті “Qulager” хоккей командасы өз айдынында “Астана” құрамасын қабылдады. Бұл матчта петропавлдықтардың айы оңынан туды. Олар қонақтарды 6 да 3 есебімен тізе бүктірді. Бірақ, жерлестеріміз турнирлік кестедегі бұрынғы орындарынан жоғары көтеріле алмады.

Екі апталық үзілістен кейін «Құлагер командасы өз айдынында «Астана»-ны қабылдап жатыр. Жергілікті құрама алғашқы периодтың басында жақсы комбинациялық ойын көрсетті. Нәтижесінде олар бірден есеп ашты. Шайба авторы – қорғаушы Федор Хорошев.

Дегенмен, көп кешікпей қонақтар таразы басын теңістірді. Осылайша бірінші кезең де аяқталды.

–  Ойыншыларымыз период соңында босаңсып қалған сияқты. Бірақ, біз бүгін жеңіске жетеміз! Есеп 5 те 2 болады деп ойлаймын.

– Хоккей матчтарын тек теледидардан ғана көретінмін. Бүгін осында алғаш рет келіп, тамашалап отырмын. Құлагерліктер жақсы ойын көрсетуде.

Екінші периодта құлагерліктер айқын басымдылық көрсетті. Олар бұл жиырма минуттықта қонақтардың қақпасына бірнеше шайба дарытты. Алдымен – Дамир Рамазанов, кейін Евгений Попитич көзге түсті. Кезеңнің соңына таман тәртіп бұзушылықтар жиілеп, солтүстікқазақстандық ойыншылар қайта-қайта 2 минутқа айдыннан қуылды. Мұны, яғни сан басымдығын тиімді пайдаланған елордалықтар есепті қысқарты.

Таблодағы есеп – 3 те 2, 2-ші период аяқталды. Ал, соңғы кезеңде петропавлдықтар жинақы ойын көрсетті. Олар астаналықтардың қақпасына жауапсыз 3 шайба соқты. Көзге түскендер – Кирилл Власов, Денис Стасюк және Дамир Рамазанов. Осылайша құлагерліктер жеңіс тойын тойлады.

Евгений Попитич – “Qulager” ХК шабуылшысы:

– Екі апта жаттықтық, ешқандай матч өткізбедік. Содан болар 1-ші периодта сәл баяу ойнадық. Бірақ, екінші кезеңде тынысымыз ашылып, шабуылға қарқын қостық. Осы айда турнирлік кестеде бізден жоғары орналасқан 5 команданың қатарына қосылуға тырысамыз.

Қазір «Құлагер командасы 88 ұпаймен 6-ші сатыда тұр. Бүгін жерлестеріміз “Астана” құрамасымен қарымта кездесу өткізбек.

Бердимурат Баймухан