Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов есеп берді

Солтүстік Қазақстан облысы үшін нәтижелі жыл. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бүгін 2019-да атқарылған шаруаны қорытындылап, халық алдында есеп берді. Жиында алдағы жоспар да қаузалды. Тағы, тұрғындардың ұсыныс-тілектері тыңдалып, мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2019 жыл жерлестеріміз үшін қандай оқиғалармен есте қалды? Үш жылға арналған кешенді жоспар өз жемісін бере бастады. Былтыр жүйелі мәселелерді шешуге 92 млрд.тг жұмсалды. Барлық салалар бойынша өсім қамтамасыз етілді.

Аққайыңдар өлкесі қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалануда. Сондықтан, әрине өңірімізде ауыл шаруашалығы қарқынды дамып келеді. Былтыр қамбаға 5 млн тонна астық құйылды. Ауа райын еске түсіретін болсақ, бұл – мақтанарлық көрсеткіш. Жақсы нәтижеге техниканы жаңартып, жерді әртараптандырып, 120 мың тонна минералдық тыңайтқышды қолданғандықтан жетіп отырмыз. Алайда, ала жаздай өсірген алтын дән өңірімізде толығымен өңделмейді, осылайша шикізат күйінде шетелге экспортталады. Көрші мемлекеттер болса оны ұнға айналдырып, бізге қайта сатады. Сондықтан, ендігі мақсат – ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеуге басымдық беру. Былтыр сыртқы нарыққа шығарылған мұндай өнімдердің көлемі 34 пайызға артыпты. Олай болмағанда ше, өңіріміз аграрлы аймақтан, индустриалды-аграрлы өлкеге айналуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– «Тайынша-Май» серіктестігінде май зауытын кеңейту бойынша жоба өз мәресіне жетуде. Құны 2,1 млрд теңге болатын күнжараны өңдейтін цех тұрғызылды. Мұнда өнімнің қосымша 165 мың тоннасы өндіріледі. Ал, «Масло дел» кәсіпорнында ағымдағы жылдың күзінде сүт өнімдерін шығару бойынша жаңа желі іске қосылады. Ай сайын 3 мың тоннаға дейін тауар шығарылмақ. 4,1 млрд теңге инвестиция құйылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылады.

2019-дағыдай биыл да жүзеге асырылатын жобалар көп әрі сан алуан. Электротехникалық тауарды шығаратын зауыт тұрғызылады, трансформаторлар дайындалады. Өңірде қуаттылығы 50 МВт болатын жел паркі де пайда болмақ. Кәсіпорындардың саны ««QYZYLJAR» арнайы экономикалық аймағының аясында одан әрі көбеймек. Осылайша, 2020 жылдың соңында өнеркәсіптегі өсім 7 пайызға дейін жетуі тиіс. Қызықты жобалар кіші және орта бизнесте де аз емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кіші және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуге өткен жылы 47,4 млрд теңге бағытталды. Қаржыны ауыл шаруашылығы субсидияларына да, нысандарды инфрақұрылыммен қамтуға да жұмсадық. Айта кету қажет, 2019 жылы несие мен грантқа бөлінген қаржы 3 есеге артып, 7,7 млрд-қа дейін жетті. Нәтижесінде 3300-ден аса бизнес өкілдеріне қолдау көрсетілді.

Бизнес ашқан жандардың дені – елді мекен тұрғындары. Кәсіпкерлер істерін өрге домалату үшін қалаға көшуге ұмтылмайды. Керісінше, ауылдарда спорт кешендерін, сұлулық салондары мен дәмханаларды ашып жатыр. Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға жергілікті билік тарапынан да қыруар қаржы бағытталып, шаруа тындырылуда. Жұмыстың басын қайыруға өңір бюджетіндегі қаражат жеткілікті. Соңғы 3 жылда ол 1,6 есеге ұлғайып, биыл 262 млрд теңгені құрады. Қазынаның 55 пайызы әлеуметтік салаға бағытталуда. Атап айтар болсақ…

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Медицинаны дамыту біз үшін әлеуетті бағыттардың бірі болып қала бермек. Өткен жылы материалдық-техникалық базаны нығайтуға бөлінген қаражат 3 есеге артып, 2,8 млрдты құрады. 132 бірлік қондырғы сатып алдық. Оның ішінде МРТ мен КТ аппараттары бар. Биыл заманауи технологиялардық қатарын көбейтетін боламыз.

Білім саласында да жаңа нысандар тұрғызылып, ескілері жөндеу көріп жатыр. Мәселен, биыл 60 мекеме қалыпқа келтіріледі. Барлық оқу ошақтары мен балабақшалар бейнекамералармен қамтылады. Жылдар бойы шешілмей келе жатқан мектеп автобустары да 2020-да біржақты етіледі. Бүгінде ауылдық білім ұяларына 44 көлік қажет екен. Жоспарды естіген халық ырза. Алайда, тұрғындарды мазалайтын өзге сұрақтар да аз емес. Бірқатарын жерлестеріміз Құмар Ақсақаловтың әлеуметтік желілердегі парақшаларында қойыпты.

– Бізді газдандыру мәселесі қызықтырады, өңірге көгілдір отын қашан жетеді? Вокзал аумағында барлығы көмір жағады, дем алу мүмкін емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жоспар бойынша былтыр Нұр-Сұлтан қаласы газбен қамтылды. Кезекте Көкшетау, кейін – Петропавл. Бірақ, өңірге іс-сапарымен ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келгенде, біз аталған мәселені көтердік. Мемлекет басшысынан аққайыңдар өлкесіне газ құбырларын тартуды жеделдетуді сұрадық. Қазір сұрағымыз үкіметте қаралуда.

Шаһар тұрғындары су жаңа автобустарды да тағатсыздана күтіп отыр.

Бақытжамал Құрымбаева – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Сіз тұрғындарға паркті жаңартып, ыңғайлы әрі жылы қоғамдық көліктерді аламыз деп едіңіз ғой. Автобустардың дені – ескі, іштері суық. Діттеген жерімізге жеткенше аяқтарымыз тоңып қалады.

Автобустарға қатысты ойын «Мир без границ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікжан Исенов те жеткізді.

Серікжан Исенов – «Мир без границ» ҚБ төрағасы:

– Жаңа автобустарды сатып алғанда, мүмкіндігі шектеулі жандардың жайы ескеріле ме? Қазіргі қоғамдық көліктердің басым бөлігімен мүгедектер қатынай алмайды.

Міндетті түрде дейді облыс басшысы Құмар Ақсақалов. Биыл қоғамдық көліктерді жаңартуға 750 млн теңге бөлінген. Сатып алынатын автобустардың барлығында арбамен көтеріліп, түсуге арналған саты болмақ. Солтүстікқазақстандықтарды жол мәселесі де мазалайтыны түсінікті. Проблеманы тікелей аймақ басшысына жеткізу үшін жерлестеріміз жүздеген шақырымды артқа тастап келіпті. Ал, Елена СемигУлина облыс орталығына тиіп тұрған Тепличное селосында тұрады. Бірақ, соның өзінде шаһарға жету мүмкін емес дейді нәзік жанды.

Елена Семигулина – Тепличное селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Көпірден түскеннен бастап 2 шақырым жол әбден тозған. Автобус жүргізушілері ауылға кірмейтін болды. Балаларымыздың мектепке, біздің жұмысқа баруымыз қиын.

Сөйтсек, тұрғындардың мұңына айналған жолға асфальт төселеді екен. Қызылжар ауданының әкімдігі 2 шақырымдағы жұмысқа 75 млн теңге қарастырып отыр. Бұл сәтті пайдаланып, бескөлдіктер де базыналарын жеткізді. Ауылдың ішіндегі көшелердің жағдайы мәз емес дейді тұрғындар. Абырой болғанда, проблема көп ұзамай шешіледі. Мұнымен Қызылжар ауданының орталығында тұратын ағайынның
мәселесі таусылмады.

Өзбек Тастамбеков – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Киров деген көшеде тұрып келемін. Өзіме жарық тарта алмадым. Жақын трансформатордың күші жетпейді.

Ауылдықтарға мамыр айына дейін күтуден басқа амал жоқ. Жазға қарай құны 6,4 млн теңге болатын 2 трансформатор сатып алынбақ. Бескөлдіктердің кейбірі жарыққа зар болса, Есіл ауданына қарасты Волошинканың тұрғындарына – таза тіршілік көзі арман. Әзірге, суды олар скважинадан алып, ішуге мәжбүр. Білдей бір елді мекеннің ащы зарын жеткізген нәзік жандыға да оң жауап берілді. Жалпы биыл 59 селодағы үш жарым мыңнан аса баспана таза ауыз сумен қамтылады. Тағы 700 шақырым облыстық маңыздағы жол жөндеу көреді. 2020-да алғаш рет елді мекендердегі көшелерді қалыпқа келтіру үшін өңір бюджетінен 2,5 млрд теңге қарастырылуда. Қомақты қаражаттың игілігін 27 ауылдың халқы көрмек.

Эльмира Сәдуақасова