МТРА жаңалықтары

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов азаматтарды қабылдады

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов халық алдында есеп берген соң қоғамдық қабылдау өткізді. Мұнда 5 адаммен жүздесіп, күрмеуі күрделі проблемаларды талқылады.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен алғаш болып Раушан Құсайынова жүздесті. Нәзік жанды 40 жыл медицина саласында еңбек етіпті. Қазір зейнетте екен. Жерлесімізді ұзақ уақыттан бері үй мәселесі толғандырады. Ол осыдан 12 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрыпты. Бірақ, әлі күнге дейін армандаған баспанасына қол жеткізе алмаған.

Раушан Құсайынова – қала тұрғыны:

– Сіздер бюджетте жұмыс істейтіндерге үй салынбай жатыр деп айтасыздар. Бірақ, кезекте менен кейін тұрған адамдар алып жатыр.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бұл мәселенің мән-жайын толық зерттеу қажеттігін айтты. Енді онымен қала әкімі Болат Жұмабеков айналысады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Барлық құжаттарды тексеріп шығу қажет. Және қандай ұсыныстар бар екенін көріп, бұл мәселені қалай шешуге болатынын анықтап алайық.

Биыл Ұлы Жеңіске – 75 жыл! Бұл – айтулы мереке. Осы мейрам қарсаңында Сейілбек Бәшімов пен Виктор Дубровин аққайыңдар өлкесіне Кеңес Одағының батыры, атақты жерлесіміз Әбу Досмұхамбетовтың сүйегін Украинадан әкеліп, қайта жерлегісі келеді. Бірақ, бірқатар қиындықтар туындапты. Оны қос азамат аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа жеткізді.

Виктор Дубровин – қала тұрғыны:

– Қазір Қазақстанның Украинадағы елшілігі бұл мәселемен айналысып жатыр. Біз бұған дейін қоғамдық бірлестік ретінде Киевке өтініш білдірген болатынбыз. Енді, бізге жергілікті билік қолдау көрсету қажет. Яғни, Құмар Ақсақалов сізден ҚР Сыртқы істер министріне СҚО Әбу Досмұхамбетовтың сүйегін қабылдауға дайын деген хат керек болып тұр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Мен өз басым сіздердің ұсыныстарыңызбен келісемін. Бірақ, атқарылып жатқан істің барлығы қазіргі заңнамаға сәйкес келуі керек. Ешқандай моральдық-этикалық нормаларды бұзып алмау керек. Бұл – өте маңызды. Мәселені қарастырамыз.

Жалпы, есептік жиыннан соң облыс әкімі 5 адамды қабылдады. Жерлестерімізді түрлі проблема толғандырады. Бірі – мал шаруашылығын дамытуға қолдау сұраса, екіншісі тұрғын үй мәселесін шешуді өтінді. Өңір жетекшісі азаматтардың сұрақтарды жіті тыңдап, шешу жолдарын талқылады.

Бердімұрат Баймұқан