Қоғам

“Еріктілер клубы” өткен жылды қорытындылады

1,5 тонна қағаз жинап, қайта өңдеуге тапсырған және 10-ға жуық қайырымдылық шара ұйымдастырған. Бүгін қаламыздағы “Еріктілер клубы” өткен жылды қорытындылады. Жиында алдағы жоспар да сөз болды. Ақпан айында белсенді ұл-қыздар ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері тұратын үйлердің маңын қардан тазаламақ ниетте.

Сабақтан шыққасын үйге барып фильм көреді немесе әлеуметтік желілерді ақтарады. Қазір қала жастарының көбі осылай істейді. Ал, кейбірі белсенді ұл-қыздардың қатырына қосылып, қайырымды іспен айналысады. Мысалы, олар жаз айларында жалғыз тұратын қарттармен жүздесіп, отынын жарады, суын тасиды. Баспана маңын қаулай өскен шөпті жұлып, қоқыс жинайды. Қыста қар күреп, көмір кіргізеді. Осындай жерлестеріміздің арасында Айымгүл Хасенова да бар. 16 жасар қыз мұқтаж жандарға қол ұшын созғанды жаны сүйеді екен.

Айымгүл Хасенова – «Еріктілер клубының» мүшесі:

– Біздің колледжде арнайы “Активистер ұйымы” бар. Соның қатарына қосылып, не істейтінін көргім келді. Маған ерікті болу ұнайды.

Қаладағы «Еріктілер клубы» 2007-ші жылы құрылды. Бүгінгі күні ұйымға 150-ге жуық жас мүшелік етеді. Оның 50-ден астамы – М.Жұмабаев атындағы жоғарғы колледж студенттері. Өткен жылы ұл-қыздар қала көшелерінде шашылып жатқан 1.5 тонна қағаз жинап, қайта өңдеуге тапсырыпты. Сондай-ақ, 10-ға жуық қайырымдылық концерттің өтуіне ат салысқан. Шарадан жиналған қаржыны науқас балалардың еміне жұмсалыпты.

Құндыз Малғаждарова – «Еріктілер клубының» мүшесі:

– М.Жұмабаев атындағы жоғарғы колледжіндегі еріктер ұйымының жастары жиі аналар үйіне барып тұрады. Өйткені, жас келіншектерге ауыр жұмыс істеу қиын. Сондықтан, біз көмектесуге тырысамыз.

Жиында өткен жылдың қорытындысанын бөлек, алдағы жоспар да айқындалды.

Елена Скакунова – «Еріктілер клубының» жетекшісі:

– Біз қаладағы бірнеше ұйыммен бірігіп жұмыс істейміз. Балалар ауруханасына, аналар және балалар үйіне барып, қолымыздан келгенше көмек беруге тырысамыз. Одан бөлек, шаһарда түрлі ауқымды іс-шаралар ұйымдастырамыз.

Жоспарланған жұмыстың бірі жақында жүзеге аспақшы. Жерлестеріміз осы ақпан айында акция ұйымдастырмақ ниетте. Онда ұл-қыздар ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, маңайды қардан тазаламақшы.

Маржан Касымбек