Ауыл шаруашылығы

Диқандарға еуропалық ауыл шаруашылығы техникасы таныстырылды

“PÖTTINGER” себу кешені, “Mazotti” бүріккіші. Солтүстік Қазақстан диқандарына бүгін Еуропаның үздік деген ауыл шаруашылығы техникасы таныстырылды. Олар аграрийлерге мол өнім алып, уақыт пен күшті үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда, көліктер мен агрегаттардың сапасына қарай, бағасы да қымбат.

Бұл – Құмар Ақсақаловтың отандық ақпараттық порталдардың біріне берген сұхбаты. Техниканы жаңартпай, ауыл шаруашылығының ілгері баспайтынын облыс әкімі жиі айтады. Нарықта сол көліктер мен агрегаттардың қазір түр-түрі бар.

Мәселен,”PÖTTINGER” себу кешендері Қазақстанға осыдан 4 жыл бұрын кірген. Рапс, зығыр, бидай, арпа – австриялық техниканың көмегімен алқаптарға дақылдардың түр-түрін егуге болады. Ең басты ерекшелік – себудегі дәлдік пен көп функциялық.

Александр Зерновой – “PÖTTINGER” компаниясының ТМД елдеріндегі өкілі:

– Кешен топырақты қопсытады, кейін оны тығыздайды, тыңайтқыштарды енгізеді, тұқымды себеді де, жерді қайта тығыздайды. Яғни, бір уақытта 5 әрекетті атқара алады. Одан қалды, алқапты тегістейді, ал өнімділік үшін бұл аса маңызды.

Осының арқасында гектар берекелігін 10 центнерге дейін арттыруға болады дейді өндірушілер. Яғни, кешенді сатып алуға құйған ақшасын фермер 2 жыл ішінде қайтарып ала алады. Біздің диқандар “PÖTTINGER”-ді жаңа-жаңа танып жатыр. Австриялық себуші машинаның 9 бірлігі қазір 6 ауданның аграрийлерінде бар.

Науан Дәуренбеков, агроқұрылым директоры, Қызылжар ауданы:

– “PÖTTINGER”-ді екі жыл бұрын алдым. Дәл сол маусымда берекелік 5-7 центнерге артты. Кешеннің себу жылдамдығы таң қалдырады. 1 тәулікте 70-80 гектарға дән сіңіре алады. Ескі техникамен мұндай көрсеткіш түсіме де кірмейтін.

Ал италиялық “Mazotti” – біздің диқандар үшін тіпті жаңа марка. Отандық нарыққа ол өткен жылы ғана кірген. Зауыт бүріккіштерді жасайды. Өздігінен жүретін машина алқаптарға химикаттар мен тыңайтқыштарды шашыратады. Бұл, өз кезегінде, өсімдіктерді түрлі ауру мен арамшөптен қорғайды. Бүріккіш қанаттарының ұзындығы 36 метрге дейін жетеді. Бұл өңдеу уақытын біршама қысқартады. Бірақ, басты артықшылық – басқада.

Андрей Лукьянов – “Mazotti” зауытының маркетинг бойынша өкілі:

– “Mazotti” бүріккіштердің 11 түрін шығарады. Бәрінде автопилот функциясы бар. Яғни, машина алқапта өзі жүріп, сұйықтықты өздігінен шашыратады. Механизатордың міндеті – техниканы алқап шетінде тосып алып, оны бұру және бөшкені сұйықтыққа толтырып отыру. Ал қанша гектарға химикаттарды қандай көлемде себу керектігін компьютер арқылы енгізуге болады.

Еуропалық сапа, қысқасы. Техниканың таңқалдырар мүмкіндіктерін теріскей диқандары арнайы семинарда білді. Оны сатып алу шаруалар үшін проблема емес. “PÖTTINGER”-ді СҚО-да, ал “Mazotti”-ді ел бойынша “We Agro Group” компаниялар тобы саудалайды. Ресми дилер өндіруші мен тұтынушының көзбе-көз кездесуін ұйымдастырып отыр. Жерлес аграрийлерге ескі-құсқыдан арылып, жаңасына көшу керек, қажеттілік туындағалы қашан! Алайда, мұндай техниканың арзан еместігі айтпаса да түсінікті. Десе де, ірілі болсын, ұсақты болсын – шаруашылықтарға ол қолжетімді.

Ойрат Мұхамеджанов – “We Agro Group” компаниялар тобы” ЖШС коммерциялық директоры:

– Ауыл шаруашылығы министрлігі өте көп көмек жасап жатыр. Техниканы несиеге не лизингке алуға болады. Көп шаруашылықтар “Аграрлық несие корпорациясы” немесе “ҚазАгроҚаржы” арқылы алып жатыр.

“We Agro Group” – “Barenbrug” компаниясының да ресми дилері. Нидерландық кәсіпорын мал азығына қажетті құнарлы шөптердің тұқымдарын шығарып, сатады. Люцерна мен сорго тұқымдас өсімдіктерден жасалған қорек жануарды тез семіртеді, сүт көлемін де арттырады. Еуропалық селекцияның жетістіктері енді біздің фермерлерге де қолжетімді.

Саят Ермек