Қоғам

Қарттарға қамқорлық

Үлкенге – құрмет! Бүгін СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері Виктор Клочков пен Надежда Клочкованың үйіне барды. Мұнда мамандар зейнеткерлердің ауласын қардан тазартты, баспана ішін жуып-шайды.

Мағжан Жұмабаев көшесі бойында орналасқан 17-ші үйдің алдында қызу жұмыс жүріп жатыр. Мұнда әскери киім киген бір топ ер адам маңайды қардан тазалауда. Олар – қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері. Мамандардың ісіне баспананың иесі Виктор Клочков қарап тұр.

Үйдің ішінде де қарбалас. Баспананы аталған департаменттің қыз-келіншектері мұнтаздай етіп тазартуда. Азаматшалардың бірі ыдыс жуып
жатса, екіншісі еденді, үшіншісі шаң сүртуде. Надежда Клочкова жастардың келгеніне дән риза. Себебі, 87 жастағы нәзік жандыға үй жинау қиын екен. Отағасы да шаруаға араласа алмайды. Қарт былтыр инсульт алып, жарты денесі жансызданып қалыпты.

Надежда Клочкова – тыл еңбеккері:

– Бүгін үйімнің іші адамға толды. Барлығы көмектесіп жатыр. Жастарға алғысымыз шексіз. Қартайғандықтан мұндай шаруаны бізге істеу қиын.

Қария соғыс кезінде концлагерьде тұтқында болыпты. Ал, зайыбы тылда жұмыс істеген. Екеуі де Белоруссияда туылған. 60-шы жылдары Петропавлға қоныс аударған көрінеді. Қаламызда қарттардың жақындары жоқ. Туған-туыстары алыста тұрады. Мұны жақсы білетін қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдері қарияларға әрқашан көмектесуге, әр мерекеде құттықтауға тырысады екен.

Айнагүл Садикова – СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің кадр саясаты тобының бас маманы:

– Бүгін Клочков отбасына әлеуметтік көмек көрсеттік. Жалпы, мұндай іс-шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Оған қоса биыл волонтерлердің жылы болғандықтан біздер де өз үлесімізді қосқымыз келеді.

Айта кетейік, алдағы уақытта СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері балалар үйіне де көмек қолын созбақ ниетте.

Дана  Ешкенова