Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жалдамалы жұмысшылар тегін медициналық көмектен қағылуы мүмкін

2020-шы жылдың қаңтарында өңірімізден медициналық қорға 265 млн теңге көлемінде аударым жасалған. Алайда, жерлестеріміздің бірқатарының мәртебесі әлі сақтандырылмапты. Яғни, сәуірдің бірінен бастап нақты күшіне енетін жүйе игілігінен бұл жандар қағылатын болады. Дені, атап айтқанда 20 мыңнан астамы – жалдамалы шаруалар.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру 1-ші сәуірден бастап өз күшіне енеді. Маңызды науқанға дейін бір жарым ай ғана қалды. Қаңтардан бастап, тиісті төлем жасамаған халық үшін медициналық көмектің бірқатары ақылы түрде болады. Ал, егер мәртебеңіз сақтандырылса, керісінше, қымбат диагностика мен оталарға тегін қол жеткізе аласыз. Ел болып / мемлекет үшін тың жүйеге 2017-ші жылдан бері дайындалдық. Бірақ, олқылықтар әлі де орын алып жатыр. Әсіресе, кейбір жұмыс берушілер мүлдем жауапкершілік танытпайтын көрінеді. Яғни, олар еңбеккерлері үшін аударымдар жасамайды. Нәтижесінде, мыңдаған жерлесіміз тегін медициналық көмектен қағылмақ.

Руслан Рахимберді – СҚО кірістер департаменті басшысының орынбасары:

– 2020 жылдың 31-ші қаңтарындағы мәліметке сәйкес, облыс бойынша міндетті медициналық сақтандыру қорына тұрғындар 35 млн теңге берешек. 29,1 млн тг көлеміндегі төлемді заңды тұлғалар жасамаған. Тағы 800-ге жуық кәсіпкер еңбеккерлері үшін 6 млн тг аудармады. Жауапсыздық танытқан кәсіпорындармен қазір тиісті жұмыс жасап жатырмыз.

Кірістер департаменті алдымен кәсіпорын басшыларына хабарлама жолдайды, төлем жасауға уақыт береді. Егер бизнесмендер ескертуді елемесе, әңгіме мүлдем басқа болады. Қысқасы – мұндай серіктестіктердің банк шоттары бұғатталады. Мәселен, бүгінде мамандар 1,9 млн теңгені өндіріп алу бойынша 137 әкімшілік материал әзірлепті. Медициналық сақтандыру қорының игілігін жалдамалы жұмысшылар да көре алмауы мүмкін. Оның себебі – мынада.

Лариса Гордеева – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директоры:

– Жалдамалы жұмысшылардың арасында маусым бойынша еңбектенетіндері көп. Мәселен, егістік науқанына тартылып, қысқы уақытта ақысыз демалысқа аттанады. Яғни, бірнеше ай бойы адам үшін ешбір төлем жасалмайды. Ал, ол адам жұмыссыздар қатарына ресми түрде тіркелмейді. Сәйкесінше, өзі үшін медициналық сақтандыру қорына бір тиын да аудара алмайды.

Қазір облыс бойынша 20300 адам дәл осы қауіп-қатер тобына іліккен. Сәуірдің біріне дейін жағдай реттелмесе, бұл жандар тегін ем ала алмайды. Осылайша, жұмыс берушілерінің кесірінен жаңа жүйе игілігінен қағылады. Еңбеккерлер сонда қандай шара қолданулары тиіс? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері не қызметтен кету керек, не болмаса басшымен келісімге отыру қажет дейді. Сондықтан, мамандар тұрғындарға арнап жаппай түсіндіру шараларын жүргізуде. Мәселе өзекті болғандықтан, іске «Nur Otan» комиссиясы да тартылмақ.

Саят Ермек