ТЖ

Қыстыгүні балық аулау қаншалықты қауіпті

Таза ауа жұтып, табиғат аясында демалғанды жаны сүйетін жандар! Қазір өңір тұрғындарының кейбірі бос уақыттарын өзен-көлдерге барып, балық аулаумен өткізеді. Ал, қыстыгүні қармақ салу қаншалықты қауіпті? Нендей ережені ескеру қажет? Осыны облыстық ТЖД өкілдері жерлестерімізге жеткізді.

Жыл бойы, күніне 4 рет. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары осылай су айдындарын аралап, балықшылармен кездеседі, қауіпсіздік шараларын түсіндіреді. Қыста өзен-көлдерге қармақ салатын жандар бірқатар ережені ескеру қажет екен. Біріншеден алкогольдік өнімдерді ішпеу керек. Бірақ, мұны кейбір жерлестеріміз елемейтін сыңайлы. Көріп тұрғандарыңыздай қардың үстінде бос шөлмектер жатыр. Ащы су несімен қауіпті? Осыған тоқталайық. Құтқарушылардың сөзінше ішімдік адамды ұйқыға тартады. Салдарынан балықшыны үсік шалуы мүмкін.

Нұрлан Төртібаев – облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– Ең алдымен қыстыгүні далада көп отырмау керек. Суық тиіп қалады. Жылы киініп жүру керек.

Сергей Ращепкин – 62 жаста. Ол балық аулаудың қыр-сырын бала күнінде әкесінен үйреніпті. Бүгінде азамат қолы босағанда Есіл өзіне келіп, өзінің сүйікті ісімен айналысады екен. Яғни, қармақ салғанды жаны сүйеді. Жерлесіміз қауіпсіздік ережелерін бес саусағымдай білемін дейді.

Сергей Ращепкин – балықшы:

–  Өзеннің ортасында ағыс қаттырақ. Яғни, ол жерде мұз жұқа деген сөз. Ал, шет жақтарында керісінше – қалың. Биылғы қыс жылы болып тұр. Сондықтан өзен-көлдерде аса сақ болған жөн. Кез-келген уақытта мұз жарылып кетуі мүмкін. Мамандардың ескерткені дұрыс. Біз оларға құлақ асу қажетпіз.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

–  Далада сынап бағанасы -14 градусты көрсетіп тұр. Өзеннің бетіндегі мұздың қалыңдығы – 40 см. Бірақ, мамандар балықшыларға барынша абайлап жүрулерін ескертеді. Өйткені, қалың қардың астында мынадай су болады. Оған байқамай аяқты батырып алуға болады.

Нұрлан Төртібаев – облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

–  Қазір мұздың бетінде 5-10 см су жатыр. Себебі, қар жауып, кейін күн жылыған кезде мұз жарылып, астындағы су қысыммен жоғары көтерілді.

Сөз соңында ТЖД-ті ұсынған мынандай статистикаға тоқталайық. Соңғы жылдары қысқы маусымда өңіріміздің су айдындарында ешқандай оқыс оқиға тіркелмеген. Құтқарушылар рейдтерді әрі қарай ұйымдастырып, балықшыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруді жалғастырамыз дейді.

Бердімұрат Баймұқан