Қоғам

Тыл еңбеккері Лидия Орлова 95 жасқа толды

Ақпанның 10-шы жұлдызында тыл еңбеккері Лидия Орлова 95 жасқа толды! Кейуананы мерейтойымен облыс басшылығы арнайы құттықтай барып, өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасын табыс етті. Тағы, бұл күні жерлесімізді облыстық ардагерлер кеңесі мен Мамлют ауданынан келген қонақтар құттықтады.

Лидия Орлова жастық шағын бес саусағындай біледі. Оның жанұясы сұрапыл соғыс басталған кезде Ресейдің Ростов облысында тұрыпты. Аталған өңірге қауіп төнгесін 16 жастағы қыз отбасымен Қазақстанға эвакуацияланады. Елімізге келгенде анасы мектепке мұғалім болып орналасыпты. Ал, әкесі қызыл армия сапында Отан үшін от кешкен екен.

Лидия Орлова – тыл еңбеккері:

– Ростов облысынан Ақтөбе өңіріне келдік. Жай ғана келген жоқпыз, бір отар қойды жаяу айдап әкелдік. Бізге осындай бұйрық берілді. Жолда 3 жарым айдай жүрдік. Су болмады, мал қырыла жаздап, әзер жеттік. Ақтөбеліктер бізді жат деп санамай, жылы қарсы алды.

Көп ұзамай Лидия Орлова тағы да қоныс аударады. Бұл жолы аққайыңдар өлкесіне жіберіледі. Мұнда азаматша агроном, Мамлют аудандық райком партиясының бiрiншi хатшысы болып жұмыс істейді. Кейін, облыстық атқару комитетінің орынбасары атанады. Нәзік жанды облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосты. Ол өңірімізде 33 жыл еңбек еткен. Осы үшін Лидия Орловаға “Құрмет “ордені табысталыпты. Бүгінде кейуана өзінің бос уақытын құр босқа өткізбейді. Сүйікті істерімен айналысады екен.

Лидия Орлова – тыл еңбеккері:

– Қазір денсаулығым жақсы. Уайымдайтын еш себеп жоқ. Қызыммен бірге тұрамын. Бос уақытымды түрлі кітаптар оқып, теледидар көрумен өткіземін. Арасында сөзжұмбақ та шешемін.

Лидия Орлованы 95 жасқа толуымен құттықтап, гүл шоқтарын беріп, жылы лебіздерін білдірушілер өте көп болды. Мерейтой иесіне облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан Құрмет грамотасы да табысталды.

Жерлесімізді мерейтойымен бір жылдары жұмыс істеген Мамлют ауданының басшылығы мен қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері де құттықтады. Бүгінде Лидия Орлованың екі қызы бар. Олардан 3 жиен мен 3 жиеншар сүйіп отыр.

Дана Ешкенова