Балалар

Петропавлда қолданбалы өнер көрмесі өтті

Құрақ көрпелер, киізден салынған суреттер мен ағаштан әзірленген кәдесыйлар! Бүгін облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында «Алтын қазына» атты қолданбалы өнер көрмесі өтті. Шараға өлкеміздің түкпір-түкпірінен жиылған он саусағынан бал тамған ұл-қыздар қатысты. Олар әділ-қазылар мен жиналғандардың назарына 250-ден астам туынды ұсынды.

Көрмеде көздің жауын алатын бұйымдар жетерлік. Оларды мектеп оқушылары тігу, тоқу, көркем өңдеу, ою және өзге де тәсілдер арқылы жасаған. Мәселен, мына әдемі суреттер шыныны нақыштау әдісі бойынша салыныпты. Олардың авторлары – Мәдина Малдыбаева мен Карина Зікрина. Екеуі де Есіл ауданына қарасты Ильинка орта мектебінде оқиды. Жас шеберлер облыстық деңгейдегі көрмеге алғаш рет қатысып тұр екен. Шараға қос өнерпаз адамның түр-әлпеті бейнеленген картиналарды алып келіпті. Кейбірінен
ҰОС-да ел қорғаған жауынгерлерді де көруге болады.

Мәдина Малдыбаева, Ильинка орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:

– Бүгін мен өз суреттерімді көрмеге алып келдім. Ол суреттер – гравировка, яғни, шынының үстінде салынған сурет. Оның өзінің көптеген тәсілдері бар. Соны бүгін мен екі түрлі жұмыстарыммен істеп әкелдім. Құрбым Карина екеуіміз бұл суреттерді салдық.

Жалпы, көрмеге петропавлдық және өңіріміздің 9 ауданынан келген шеберлердің 250-ден астам бұйымы қойылған. Бұл заттар 6 аталым бойынша жасалыпты. Көздің жауын алатын түрлі-түсті дүниелерге зер салсаңыз, олардың ағаштан, тастан, пластик, көркемдік металлдардан, былғары мен қағаздан әзірленгендігін көресіз. Айта кеткен жөн, бұйымдардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалардың да жұмыстары бар.

Ирина Колодаева, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы директорының орынбасары:

– Бұл көрменің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылыққа, қолданбалы өнер саласына деген қызығушылықтарын арттыру. Және талантты ұл-қыздарға жаңа техникалық әдістерді таныстыру. Осылайша біз сәндік-қолданбалы өнерді дамытқымыз, көпшілікке насихаттағымыз келеді.

Айта кететін жайт, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында мұндай көрме жылда өтеді. Биыл 10-шы мәрте ұйымдастырылып отыр. Іс-шара соңында әділ қазылар үздік жұмыстарды анықтап, жүлдегерлерді мақтау қағаздары және арнайы кубоктармен марапаттады. Ал, ең үздік шеберлерге Бурабайдағы «Балдәурен» лагеріне жолдама табыстады.