Құқық қорғау органдары

Үй тонаған ұрылар қолға түсті

Петропавлда пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен бір топ азамат құрықталды. Олар өткен аптада екі баспанадан 1,5 миллион теңгеден аса ақшаны қолды қылған. Баукеспелер Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының тумалары болып шықты.

Күдікті: 

–  Есіктерді қақтым. Ешкім ашпаған пәтерлердің есіктерін арнайы аспаптармен ашып, ішке еніп отырдық. Есіктерге оңай ашылатын құлыптар орнатылған екен.

Міне, осындай тәсіл арқылы баукеспелер бір пәтерден 500, екінші баспанадан бір миллион теңгеден астам қаражатты қолды қылған. Көп ұзамай бұл хабар полицейлерге жетеді. Жедел-тергеу тобының қызметкерлері бірден әрекет етіп, ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 32 мен 43 жас аралығындағы 4 адамды қолға түсіреді. Олардың барлығы бұрындары түрлі қылмыс жасап, сотталған екен.

Мадияр Харипов – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Ақмола және Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары анықталды. Олар Петропавл қаласынан шыға берісіндегі Оңтүстік бекетінде ұсталды. Тексеру жұмыстары барысында олардан ұрланған ақша және есіктерді ашатын құралдар тәркіленді.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексі 188-ші бабының 3-ші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе 3-тен 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында 113 пәтер ұрлығы орын алыпты.

Саят Ермек