МТРА жаңалықтары

Ашық қоғамдық қабылдау: облыс әкімінен пәтер сұрай келгендер көп

Проблемалар жайлы ашық әңгіме! Өңірлік атқарушы билік өкілдері кезекті рет солтүстікқазақстандықтарды қабылдады. Тоқсан сайын жұртшылықпен жүздесуді өлке атқамінерлері дәстүрге айналдырған. Басқарма-департаменттердің басшылары, қала әкімі мен облыс әкімі бұл жолы 200-ге тарта жерлесімізді тыңдады. Әрбір 6-шы азаматпен Құмар Ақсақалов жеке өзі кездесті.

Ұзын сонар-кезек. Күллі теріскейден жиылған халық та көп, олар арқалай келген базына да көп. Бәрінің айтары бар.

– 10 шаршы метрде немерелерім, өзім, балаларым бәріміз бірге тұрамыз. Жалдамалы пәтер кезегіне қоймай жатыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тырнақтап жинап жатырмын, табатын табысым 60-ақ мың. Қалай мен күн көру керекпін? Баспана кезегіне қойсын деп сұрай келдім.

– Есіл ауданындағы Еңбек ауылының жағдайы жайлы айтқым келеді. Ауылда жарық жоқ, фельдшер жоқ, жол тазаланбайды. 4-5 жыл айтып келе жатырмыз, еш нәрсе істелмейді.

– Жамбыл ауданындағы Украинское селосынан келіп тұрмын. Көпбалалы анамын, тұрып жатқан үйім – апаттық. Көмек сұрай келдім.

Әкімдік табалдырығын тоздырдым, жауап ала алмадым дегенді біз, журналистер, жиі естіп жатамыз, шыны керек. Ашық қоғамдық қабылдаудың артықшылығы сол – әр мәселе, әр шағым билік басындағылардың құлағына тікелей жетеді. Бюрократия жоқ, тосқауыл жоқ – шенді-шекпендімен көзбе-көз әңгіме, қысқасы.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бір кісі келді. Оның баласы гепатитпен ауырады, соған дәрі қажет. Сол дәрі қашан болады деп сұрады. Мен тура емхананың бас дәрігеріне хабарластым. Оның айтуынша дәрі келді, қазір бар. Сұрақтарды тыңдауға дайынбыз, ашықпыз.

Иә, бүгін бәрі ашық, бәрі жауап беруге дайын. Кабинет алдында зарыға күтудің қажеті жоқ, бар басшы бір залда шоғырланған. Кез-келгенінің қарсы алдына отыр да, қысылмай мәселеңді айт.

Байқағанымыз, ең белсенділердің қатарында – облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов. Аймақтың бас прокуроры Бағбан Тайымбетов та жұртты толсассыз қабылдап жатыр. Күрмеуі көп жер дауымен жауапты ведосмтво басшысы Арыстан Құжымовқа да жолыққандар аз емес. Ал білім беру саласына бұқараның айтары аз сияқты. Екі сағат ішінде бас педагогымыз Гүлмира Кәрімоваға сауалын небәрі 2 адам қойған.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Осы 2 сұрақ та қарастырылады, сосын ол адамдарға жауап беріледі. Басқа сұрақтар туындап жатқан жоқ.

Ия, көпшілік базынасын бірінші басшыға тікелей жеткізгісі келеді. Құмар Ақсақаловтың қабылдауына 30-дан астам адам жазылған.

Рақима Қазбекова – қала тұрғыны:

– Кезек жылжымайды, үй ала алмай жатырмын. Екінші топтағы мүгедекпін, 2 рет инсульт алғанмын. Қазір жалдап тұрып жатырмын.

Баспана – өзгесінен көбірек қозғалған мәселе. Үйім тар, кезек жылжымай жатыр, жағдайым мүшкіл – облыс әкімімен жүздескендердің дені одан пәтер сұрай келген. Құмар Ақсақаловтың оларға берген жауабы бір.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл сайын аз қамтылғандарға аз да болса пәтерлер беріп жатқанымызды көріп отырсыздар, кезек сәл болса да жылжып жатыр. Оның уақыты келеді. Ешкімге кезексіз пәтер беруге қақымыз жоқ, бізді прокуратура тексереді. Заңсыз берсек, бәріміз жұмыстан кетеміз. Ертең, биыл, келесі жылы деген уәделерді мен бере алмаймын, ол заңсыз болады.

Жалғыз басты қазыналы қарттарымызға қолдау шалағай көрсетіліп жатыр! Өзінің емес, өзге замандастарының камын жей келген Мұқаш ақсақалдың өкпесі осы. Көп қарияның тұрмысы төмен, көбінің зейнетақысы күнкөрісінен артылмайды. Қынжылтатыны сол дейді – билік оларға жылына бір рет қана тиісті көңіл бөледі.

Мұқаш Қабдіров – зейнеткер, Петропавл қаласы:

– Қазанның бірі – Қарттар күнінде ғана азық түлік береді. Ішіндегісінің жалпы құны – 2 мың теңгеден сәл ғана асады. Немесе, 6 ай қыста бір-ақ рет жастар келіп, ауладағы қарды тазалап, отын суын кіргізіп береді. Мұндай көмектің қариялар жағдайын жақсартып жатқаны шамалы.

Бұйымтай – қолдау күшейтілсе. Облыс әкімі қарияны мұқият тыңдап, жауап қайырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мұқият тыңдадым, ұсыныстарыңыз жеке өзіме ұнады. Қарттарға қолдаудың қалай көрсетіліп жатқанын тексеремін, мәселені бақылауыма аламын, міндетті түрде.

Айнаш Байжігітова 2012-де үй-күйсіз, жұмыссыз қалады. Амал жоқ, өзі тұратын Сергеевкада иесі жоқ ескі баспанаға кіреді. Шал ақын әкімдігі бұған қарсы болмаған. Тұра бер, жөнде, 7 жылдан кейін өз атыңа аударып алсың десе керек. Алайда, 7 жылдан кейін жағдай өзгеше өрбіген. Енді тағы да далада қаламын ба деп қорқады.

Айнаш Байжігітова, Сергеевка қаласының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– 2019-дың соңында үйді өз атыма аудармаққа сотқа арыз бердім, бірақ сот қалада жұмыс істейсің деп, арызымды қабылдамады. Ал әкімдік қуып шығып, баспананы кезекте тұрғандарға береміз деп қорқытып отыр.

Айнаш ханым қалалық ауруханалардың бірінде санитар. Сергеевкадан Петропавлға барып-келіп жұмыс істейді. Сөзінше Шал ақында жұмыс тапшы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үйді атыңызға аударығыңыз келсе, мұндағы қызметті тастап, Сергеевкадан жұмыс табуыңыз керек. Еңбек биржасына есепке тұрыңыз, біз екі қолға бір күрек табуда көмектесеміз. Басқасы менің қолымнан келмейді.

Атқарушы билік пен бұқара арасындағы диалог осылайша орнатылды. Мұндай ашық қабылдаула р тиімділігін баяғыда дәлелдеген. Жүздесулер әр 3 ай сайын үздіксіз өтіп тұрады. Бұл жолы 190 жерлесіміздің базынасы тыңдалып, бақылауға алынды.

Саят Ермек