Қоғам

17 кәсіпорынға индустриялдық сертификат берілді

Сәнді әрі сапалы! Петропавлдағы “Прогресс” тігін фабрикасында күніне 150 данаға жуық киім әзірленеді. Тауар өңірімізден бөлек, еліміздің Ақмола, Алматы, Қостанай сынды облыстарында да жоғары сұранысқа ие. Биыл жергілікті кәсіпорын басшылығы индустриялдық сертификатқа қол жеткізді. Бұл куәлік мемлекеттік сатып алуларға қатысуға мүмкіндік береді.

Осыдан кейін дайын болған матаның үстіне мынандай қағаз қойылады. Оның көмегімен киімнің пішіні сызылады. Артынша маман арнайы құралдың көмегімен әлгінде ғана түсірілген сызықтар бойынша қиюды бастайды.

Мұндай технология матаның мейлінше тура қиылуына мүмкіндік береді екен. Дайын болған кесінділерді фабриканың басқа бөліміндегі
мамандар жұп-жұпқа бөледі. Кейін, өлшемдері бойынша пәуескелерге орналастырып, тігіншілерге ұсынады. Ал, мұндағы өзге қызметкерлер тігу барысында қиындықтар туындамауы үшін маталардағы қыртысты алдын ала үтіктеп қояды.

Фабрикада өз кәсібін жіті меңгерген, ең білікті деген мамандар ғана жұмыс істейді. Дәл қазір 50-ге жуық қызметкердің бірі әскери киімнің жағасын, ал екіншісі кеуде тұсын тігу үстінде. Қайни Садуова болса бірнеше кезеңнен тұратын жұмысты қорытындылайды. Яғни, нәзік жанды өнімнің түйме тағатын жерін әзірлеп, істің дұрыс атқарылғанын жіті тексеріп шығады.

Қайни Садуова – «Прогресс» тігін фабрикасының тігіншісі:

– Біздің жұмыс таңғы 8-де басталып, кешкі 5-те аяқталады.  Одан кейін машиналарымызды тексеріп аламыз. Бір киімді шалбарымен тігуге 3,5 метр мата кетеді.

Міне, киім дайын. Енді әзірленген тауарлар топтастырылып, мынадай қалташаларға салынады. Өнім еліміздегі әскери институттар мен әскери бөлімдерге жөнелтіледі.

Констанстин Гокин – «Прогресс» тігін фабрикасының директоры:

– Жуырда Нұр-Сұлтан қаласынан 900 әскери формаға тапсырыс келіп түсті. Біз әдетте мұндай ірі көлемдегі тауарды 1 аптаның ішінде дайындауға тырысамыз. Күніне шамамен 100-ден 150 данаға дейін киім тігеміз.

Өндіріс ошағында әскери формадан бөлек, ересектер мен балалардың қыста және күзде киетін күртелері де әзірленеді. Сондай-ақ, оқушылардың мектеп формасы да дайындалады. Айта кеткен жөн, биыл жергілікті «Прогресс» тігін фабрикасы индустриялдық сертификатқа қол жеткізді. Құжат аталған кәсіпорынға мемелекеттік сатып алуларға қатысуға, қорғаныс саласындағы мекемелерден тапсырыс алуға мүмкіндік береді. Тағы, арнайы куәлігі бар ұйымдарға мемлекеттен бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Дархан Қалиев – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– 2019-шы жылдан бастап ұлттық кәсіпкерлік палатасы индустриялды сертификаттарды беруді бастады.

Жалпы, жыл басынан бері индустриялдық сертификат өңіріміздегі 17 кәсіпорынға беріліпті.

Маржан Қасымбек